24 маусымда Малайзия астанасы Куала-Лумпурда Димаш Құдайбергеннің алғашқы «Stranger» жеке концерті өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
Үлкен шоу қарсаңында концертті ұйымдастырушылар концертке билеттермен және әртістің аты жазылған эксклюзивті өнімдермен түрлі іс-шаралар өткізді. Вокалистер байқауы қызыққа толы болды, басты жүлде жеңімпаздар үшін концерттің шымылдығын ашатын қонақ ретінде өнер көрсету мүмкіндігі болды.
Байқауда Димаштың репертуарынан «S.O.S», «Адажио», «Опера-2» сияқты танымал әндер шырқалады. Байқау жүлдегерлері жас музыканттар Lim Yue Zhen және Aric Lau, ал жеңімпаз – «Знай» әнін орындаған 16 жастағы әнші Eshan болды.
Сондай-ақ, Малайзияның ең танымал әншілерінің бірі – Дато Шри Сити Нурхализа концерттің арнайы қонағы ретінде қатысатынын жариялады. Сити Нурхализа Димаштың орындауын жоғары бағалайды. Концертте арнайы қонақ болу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бергенде Сити Нурхализа Димаштың әншілік қабілетіне, шығармашылығына тәнті болғанын айтты.
«Димаштың дауысы керемет, мейлі ол жоғары нотада болсын, төмен нотада болсын, еш қиындықсыз еркін ауыса алады, өте керемет ән айтады», – деп атап өтті Дато Шри Сити Нурхализ xuan.com.my басылымына берген сұхбатында.