Бюджеттің кірісінен шығысы көп. Әлі күнге дейін Ұлттық қорға тәуелдіміз. Сыртқы қарыз да азаймаған. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында былтырғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебі тыңдалды. Бірақ келтірілген мәліметке бәрінің бірдей көңілі толмады.
Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Республикалық бюджеттің атқарылуы жөнінде Үкімет басшысының орынбасары, қаржы министрі Парламент алдында есеп берді. Айтуынша, былтыр ішкі өнім 3 процентке өскен. Экономиканың барлық негізгі саласында оң нәтиже бар. Бірақ шығын азаймай тұр. Ұлттық қордан ақша алу тәуелділіктен бұрын, әдетке айналғандай.
Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу саясатын жалғастыру мақсатында республикалық бюджетке берілетін трансферттер қаражатын біртіндеп азайту жалғасатын болады.
Сондай-ақ, Ұлттық Банкпен бірлесіп, оның инвестициялық кірістерін арттыруға қатысты шаралар қабылдануда.
Министрлік пен аудиторлық палатаның есебі екі түрлі. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі осылай деп күмәнін жасырмады.
Ұласбек СӘДІБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жылдар бойы деректерде миллиардтаған теңгеге айырмашылықтың болуы, әлбетте, орынды сұрақ туындатады. Бұған не себеп болуда: Есептеу әдістемесі әртүрлі ме немесе мемлекеттік органдар өз көрсеткіштерін жақсарту үшін ғана тырыса ма?
Министрліктер бюджет есебінен іске асатын жобаларды өз құнынан асырып бағалайды. Осылай деген жоғары аудиторлық палата төрағасы бюджетті тиімсіз пайдалануды ауыздықтау - қазынаға қосымша кіріс көзі бола алады дейді.
Наталья ГОДУНОВА, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ:
Орта мерзіммен 3-5 жыл ішінде нәтижесі көрінуі керек қой. Төрт жыл бұрын жобалау-сметалық құжаттамада жоба құнын асырып көрсету деңгейі - 30%, ал оның жалпы сомасы 1 трлн теңге болады деп есептеген болатынбыз. Қазір жобалардың қымбаттауы жалпы сипат алып отыр. Оның жалпы сомасы тіптен қомақты.
Ал депутаттар экономиканы оңалтпай, оң нәтижеге жету мүмкін емес деп отыр.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Мемлекет басшысының республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға негізделмеуі тиіс деген тапсырмасына қарамастан, 2021 жылы 4,5 трилион, 2022 жылы 4,6 трилион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бұл 22 миллиард АҚШ доллары. Ұлттық қордағы қаржы өте белсенді пайдаланылып жатыр. Бүгінде республикалық бюджеттің 28%-і Ұлттық қордың қаражатынан жабылды. Бұл бюджеттің үштен бір бөлігі.
Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Бастысы қазынаның әр теңгесін тиімді игеру керек. Кіріс көлемі аз, ал Ұлттық қордан тартылатын трансферлер көлемі азаятын емес. Депутаттар Келер жылы әр баланың есепшотына ұлттық қордан төленетін қаржыны айтып, Үкімет бюджетті тиімді игерудің тетіктерін табу керек деді.