Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жылу саласы мамандарының жалақысын көтеру жоспарда бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа энергетиктердің жалақысына қатысты сұрақ қойды.
Энергетика саласына теріс әсер ететін проблемалардың бірі - білікті кадрлардың тапшылығы және тәжірибелі мамандардың жұмыстан кетуі. Электр энергетикасы саласы қызметкерлерінің жалақысы - ел бойынша төменгі жалақылардың бірі. Бұл жағдай оның ішінде тарифтерді бекіту кезінде шығысты дұрыс реттемеу нәтижесінде қалыптасты. Егер меншік иесі экономикалық жағдайды ескере отырып, жалақыны көтеруді жоспарласа, онда ол мүмкін емес. Өйткені тарифті қайта бекіту қиын. Неге мұндай мүмкін қарастырылмаған? Тарифтер жалақы нормативі қалай қарастырылады? – деп сұрады депутат министрден.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров расымен де жылу энергетика, суды жабдықтау салаларында жалақы төмен екенін атап көрсетті.
Өйткені күрделі проблема болған. 5 жылға арналған инвестициялық бағдарламаны бекіткенде, оны өзгертуге мүмкіндік болмады. Былтыр Парламентпен бірге тиісті өзгерістерді енгіздік. Қазіргі таңда 79 өтініш табиғи монополиялар субъектілерінен келіп түсті, - деді Қуантыров.
Ол бүгінгі күні осы өтініштер қаралып жатқанын айтты.
Жалақы 280 мың теңгеден астам болды. Бірақ кей жағдайда субъектілердің өндірістік жұмысшыларының жалақысы шамамен 135 мың-150 мың теңге болған. Енді біздің мақсатымыз – осы жалақыларды 300 мың теңгеге көтеру. Атап айтқанда, жылу саласында жалақыны 130 мың теңгеден 300 мың теңгеге көтеру бірнеше проблеманы шешеді. Оның ішінде кадр тапшылығы, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігі көтеріледі, - деді министр.
Энергетика министрінің айтуынша, қазір тарифтер жұмысшылардың нақты санына қарап, есептеледі. Ал жаңадан құрылған объектілер бойынша нормативтік саны есепке алынады. Қуантыров нормативтік саны нақты санынан жоғары болатынын айтты.
Министр осы арқылы субъектілерге штаттың санын көтеруге мүмкіндік беріліп отырғанын қоса кетті.