Русский Сайттың толық нұсқасы

Жылумен қамту нысандары 37 млрд қаржыны тиімсіз жұмсаған

Жылумен қамту орталықтары қаржыны тиімсіз жұмсауда. Қомақты қаржылық заң бұзушылықтар анықталды. Жоғарғы аудит палатасының төрағасы жылу нысандарына жүргізілген тексерулердің қорытындысымен бөлісті.

Былтырғы қыс естен кетпес. Екібастұзды айтпағанның өзінде, басқа өңірлерде де кем-кетік көп болды. Орталық және жергілікті биліктің жылу жүйелерін дамыту жоспары жоқ. Салаға бір емес 3 бірдей министрлік жауапты, бірақ олар жұмысты өзара үйлестіре алмай отыр. Былтыр 500-ден астам нысан жылу беруге дайын болмаған.

Наталья ГОДУНОВА, ҚР ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ:

Жылу маусымына дайындық кезінде орталық және жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті энергетикалық бақылау жүйесінің жоғы байқалады. Өңірлерге берілген қадағалау функциялары толығымен іске асырылмайды. Мәселен, кей аймақта бірқатар табиғи монополия субъектісі жылу маусымына міндетті дайындық құжатын өткізбеген.

Аудит анықтаған заң бұзушылықтар 23 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Бюджеттен бөлінген 37 миллиард теңге тиімсіз жоспарланған. Осының салдарынан экономикаға 170 миллиард теңге шығын келген. Бақылау қайда? Басқасы қайда? 50 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жылу станцияларының әбден тозығы жеткен.

Алмасадам САТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Жергілікті атқарушы органдар бақылауды күшейтуі керек. Энергетика министрлігі ретінде біз тиісті жұмыстарды істеп жатырмыз. Ірі заң бұзушылықтар анықталса, комиссия құрылады, жиын өтеді, министрліктің деңгейінде тиісті шаралар қаралады.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Дайын боламыз дегенше, қыс келеді. Күнтізбелік жоспар құрылды деп қана айтыңыз. Неге бізге барлық кестені айтып отырсыз? Қайда барғаныңызды, ол жақтағы жағдайды айтыңыз. Жөндеу жұмыстарына қарамастан ертең проблемалар бар нысандарды, жылу электр станцияларын, қазандықтарды Президенттің өзі аралайды. Сонда не деп жауап бересіздер?

Себебін министрліктер ашып айтпайды, салдарын қыста көрдік. Келер жылу маусымына да күмән келтірген мәжілісмендер «қыста қатып қалмаймыз ба» деп алаңдайды.

Ермұрат БАПИ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Астанадағы №3 жылу электр орталығының салынып жатқанына 14 жылға кетіп бара жатыр. Оның ең қызығы осында екен. Жыл сайын құрылыстың құны өсіп бара жатыр. Бұл не деген алтын құрылыс екенін түсінбеймін. Осы жылы қыс қатты болады деген жорамал бар. Астана халқымен бірге қатып қалмаймыз ба?

Қойшы көп болса, қой арам өледі. Бір салаға бірнеше ведомство жауапты болғандықтан, өзара бір-біріне сілтеушілік көп дейді депутаттар.

Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ортақ жауапкершілік те жоқ. Жылу-энергетика саласы бiрнеше мемлекеттiк органға жүктелген. Әрқайсысы жұмысты аяғына дейін тындырмай, бір-біріне сілтеп отыруды әдетке айналдырған. Жылу-энергетика саласы өгейдің күйін кешіп тұр.

Салада маман тапшылығы байқалады. Кәсіби кадрлар басқа кәсіпорындарға кеткен. Себебі -айлық аз. Жауапкершілікті арттыру үшін мәжілісмендер жылу-энергетика саласын бір ғана мемлекеттік органның құзырына беруді ұсынды.