Русский Сайттың толық нұсқасы

«Алтын Орда» базары алдындағы жолды кеңейту жұмыстары кем дегенде 2 жылға созылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 14 қазан 2016
  • 3084

Алматыдағы «Алтын Орда» базары алдындағы жолды кеңейту жұмыстары екі жылға созылады. Бұл туралы «Қазавтожол» ұлттық компаниясының өкілдері мәлімдеді. Айтуларынша, 3 шақырымға ұзаратын жолды жөндеу келесі жылы басталмақ. Бірақ жол салатындар әлі анықталмаған. Салаға жауаптылар жоба іске асып, жол кеңейсе кептеліс болмайды дейді. Ал көлік жүргізушілерінің өз уәждері бар. Айгүл Ермаханның репортажы.

Айгүл Ермахан, тілші:

«Қазавтожол» ұлттық компаниясы өкілдерінің айтуынша, бұл аумақта он жолақты жол салынады. Бес жолақтың алғашқысы қоғамдық көліктерге, екіншісі - жергілікті көліктерге, қалған үшеуі транзиттік бағытқа арналмақ. Алдын-ала есеп бойынша, жолды жөндеу жұмыстарына 10 млрд теңге қажет.

Бұл жаңалықты «Алтын Орда» базарының алдындағы такси қызметкерлері алғашқылардың бірі болып естіген. Қуанғандарын жасырмайды. Бірақ күнделікті кептелістің куәгерлері бір бағыттағы бес жолақтың мәселені шешпейтінін айтып, қынжылады. Өйткені бұл маңайдан кеш қарайғанда 6 қатар көлік бір бағытқа қарай өтеді. Сондықтан қаланың іші мен сыртына бағытталған жолға он жолақ аздық етеді дейді.

5 полосамен жүремін. Пайда жоқ, қосылсын 5 полоса, оны қайта саған керек жоқ.

Үлкейтсін, осы жерде миллион машина бар ғой. Уақытым кетеді. Бала- шаға бағу оңай болып тұрған жоқ. Осы кептелістің арқасында.

Жол 3 шақырымға ұзарады. «Апорт» сауда орталығынан басталып, «Асыл арман» тұрғын үй кешеніне дейін жалғасады. Қомақты қаражат мемлекеттік қазынадан бөлінсе, құрылыс келер жылы басталып кетпек. Әзірге шенеуніктердің бастамасы тек қағаз бетінде ғана бар. Алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға байқау жарияланбақ. Бірақ жолды жөндеу жобасы бекімей жатып, «Барлық» базарының маңайындағы, яғни жол жиегіне жақын орналасқан сауда дүңгіршектерін сүру жұмыстары басталып кеткен.

Жол құрылысын бастауға дайындық жұмыстарын «Қазавтожол» өкілдері ағымдағы жылдың соңына дейін бітіреміз деп отыр. Ал, жолды кеңейту құрылысы 2 жылға созылады. Қазір жауапты мамандар жолды жөндеу кезінде мыңдаған көліктің нөпірін қай бағытқа бұру жұмыстарын ойластырып жатыр.

Нұрхат Ақылтаев, «Қазавтожол» ҰК Алматы филиалының бөлім бастығы:

Бұл жолдарда үнемі кептеліс үзілмейді. Сондықтан кеңейту кезінде жол жабылады. Осы маңнан айналма жолдар саламыз. Ол жобада қарастырылған. Әрине, көлікпен қатынау кезінде қиындықтар болады. Бірақ шыдауға тура келеді. 

Жол құрылысы басталғанша, көлік жүргізушілері кептеліске төзуге мәжбүр. Оған етіміз де үйренді дейді. Бірақ жол кеңейтілгенше, «Алтын Орда» базарының әкімшілігі сауда орталығының кіреберісіндегі автотұрақты өткінші көліктердің емін-еркін қатынауына босатып берсе деген ұсыныстарын да айтып қалды. 

Айгүл ЕРМАХАН