Русский Сайттың толық нұсқасы

Электронды темекіге толық тыйым салынуы мүмкін

Электронды темекі саудасы үш жылда үш жүз есе өскен. Мұндай рекордтық көрсеткіш бірде-бір нарықта жоқ. Бұл түтінге тұншығып жүргендердің саны күн санап өсіп жатқанын көрсетеді. Әсіресе, олардың арасында кәмелетке толмаған бала көп. Жаға ұстатарлық статистиканы естіген Мемлекет басшысы жауаптыларға қатаң ескерту жасады. Енді вейптерге толық тыйым салынуы мүмкін.

Электронды темекі түбімізге жететін түрі бар. Құрылтайдың күн тәртібіне кіруі тегін емес. Қоғамды алаңдатқан мәселені Мемлекет басшысы есірткіге теңеп, дер кезінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай, оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнамалар да көбейіп кетті. Іс жүзінде, жастарымыз өзіне зор қауіп төндіруде. Себебі бұл – шын мәнінде, зиянды нәрсе.

Президенттің бұл қатаң сынынан кейін оның саудасына толық тосқауыл қойылуы мүмкін. Негізі қазір заң бойынша 18 жасқа толмаған балаларға электронды темекі сатуға болмайды. Бірақ оны пысқырып жатқан ешкім жоқ. Саудагерлер оны қолында қаржысы бар кез келген балаға сата салады. Бірақ, сенесіз бе, статистика басқаша сөйлейді. 2018 жылдан бері республика бойынша небәрі 3 құқық бұзушылық тіркелген. Ал көшенің қақ ортасында вейпті бұрқыратып тұрған жасөспірімдерді көрген кезде «бұл қалай?» деп ойланып қаласың.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Ертең болашақтары бар. Үйленеді, семья құрады. Соның бәрі зиян болады ғой.

- Негізі өзім де тартам, бірақ сигарет тартам. Соны үлгі болмау үшін қояйын деп жүрк қо сол, қою керек.

- Саналы өмір сүрсін деп ойлаймын жастар. Жастар біздің болашағымыз ғой.

- Барлық балалар түсінеді ғо оның зияны бар екенін. Бірақ, оған қарамастан олардың тәуелділігі болып қалады да бірден. Содан айырылу қиын тәуелділіктен.

Халықтың пікірі осындай. Бәрі зиян екенін біледі. Дегенмен, замана жастары еліктеуге бейім. Өздерін өзгелердің алдында дәлелдегісі келіп, ерекшеленуге әзір тұрады. Желідегі желөкпе жарнамалар, сәт сайын сәнге айналып жатқан түсініксіз трендтер кез келгенінің санасын улайтыны да түсінікті. Алғашында жай әуесқойлыққа балап, бір рет дәміне татуға бекінеді. Кейін түбегейлі тәуелді болады. Дәл мына жігіт секілді...

Ислам, СТУДЕНТ:

Негізі басталды 9-класс кезінде. Ол кезде мен андай мода басталды ғой енді, бәрі шеге бастады. Сол уақытта қызық көріп шеге бастадым. Әлі күнге дейін шегіп келдім. Зияны дегенде, иә, болады. Жүгірген кезде отдышка бастала бастайд, мысалы.

Бұл вейптің 16 мың түрі бар. Көбі әлі зерттелмеген. Сорақысы да - сол. Оның құрамында біз білетін зиянды қоспалар бір бөлек қой. Сонда білмейтініміз қанша? Негізі вейп әлемнің 33 елінде заң бойынша тиылған. Сатылмайды, қолданылмайды. Ал тағы 79 елде қоғамдық орындарда тұтынуға болмайды .

Балабек САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ:

Олардың осылай топ болып электронный сигареты тартуы- топтық бейсаналық психология бар. Бұл кезде әрбір адам сол топтан шығып кетуге қорқады, сол қасындағы адамдар не істейді, көпшілік қандай әрекет жасайды, соған олар бағынады.

Жұрт мәселеге немқұрайлы қарағанымен, дәрігерлер дабыл қағып отыр. Темекінің бұл түрі әдеттегі шылымнан да зиян. Себебі, никотиннен бөлек пластик зат қызғанда обыр тудыратын аса қауіпті химиялық қосынды бөлінеді.

Меруерт БАУЛЫ, ДӘРІГЕР-НАРКОЛОГ:

Бір миф бар жастардың арасында, темекіге қарағанда электронды темекілердің зияны аз деген. Бұл дұрыс емес. Олар өкпенің қабынуын, яғни астма, созылмалы өкпе жетіспеушілігіне, жүрек қан тамыр жетіспеушілігіне, мидағы тамырлардың тарылуына әкеледі.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Наркологтың сөзінде жан бар. Мысалы, мынау 10 жыл шылым шеккен адамның өкпесі. Ал бұл небәрі 2 жыл вейпті тұтынған жігіттікі. Айырмашылықты қараңыз. Сіз зияны жоқ деген электронды темекі адам мүшесін дәл осындай хәлге түсіреді.

Айтпақшы, өзің шылым шекпесеңіз де түтінін бұрқыраған жерде отырмаңыз. Құрамында 6 мыңнан астам химиялық қосынды бар. Олардың 70-і қауіпті зат.