Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда қосымша өртке қарсы қызметтің 121 депосын салу қажет

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2023
  • 974

Абай облысындағы алапат өрт төтенше жағдай саласындағы бірқатар жүйелі проблемаларды ашық көрсетті. Сенатор Сергей Ершов өзінің депутаттық сауалында осы мәселені жария етті.

Депутат жағдайға егжей-тегжейлі талдау жасау барысында маңызды екі проблема анықталғанын атап өтті. Біріншісі – төтенше жағдаймен күресте әлеуетті күштер мен тиісті құралдардың жетіспеуі. Екіншісі – төтенше жағдайдан қорғауды қамтамасыз етудегі жүйелі тәсілдің болмауы.

«Елімізде мемлекеттік өртке қарсы қызметтің 426 бөлімшесі бар, әлі қосымша 121 депо салу қажет. Бізге ұсынылған мәліметтерге сәйкес, тіпті 2030 жылға қарай өрт сөндіру бөлімшелерін салу қажеттігі тек 55 пайызға ғана орындалады. Жалпы техника санының шамамен 20 пайызвы өткен ғасырдың 70-90-жылдарынан бастап пайдаланылып келеді және жаңартуды талап етеді», - деп атап өтті сенатор Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Депутат проблемаларды шешуге қаржы бөлінетінін, бірақ есеп-қисапқа қарағанда игерілмейтінін атап өтті.

С. Ершов 2018 жылдың желтоқсанында осы саладағы ерекше мекеме – кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі жекешеленіп кеткенін еске салды. Осы шешімнің нәтижесінде мемлекет аса күрделі аварияны жедел жоюды қамтамасыз ете алатын мамандандырылған қызметтен айырылып қалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына қарағанда, Қазақстан аумағында мемлекеттік емес өртке қарсы 331 қызмет нысаны бар. Бұл еліміздегі өрт сөндіру бөлімшелерінің жартысына жуығы мемлекеттік емес дегенді білдіреді.

Сенатор жекешеленген кәсіпорындар портфелін әртараптандыру, сондай-ақ төтенше жағдайды жою барысында мемлекеттік емес ұйымдардың жауапкершілігі жөнінде нормативтік-құқықтық реттеуді жетілдіруді ұсынды.