Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысы Арал ауданында бүйрек жетіспеушілігімен ауыратындар денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұрайды

Қызылорда облысы Арал ауданында бүйрек жетіспеушілігімен ауыратындар денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұрап отыр. Айтуларынша, науқастарға ем жүргізетін аудандағы жалғыз клиникада жайлы жағдай жасалмаған. Сондықтан біз емнен кейін шаршап, қиналып қаламыз дейді емделушілер.

Жеткерген Ергешов 6 жылдан бері созылмалы аурумен күресіп келеді. Екі бүйрегі бірдей істен шыққан. Оған уақытылы гемодиализ қабылдау керек. Сол үшін 60 шақырымды артқа тастап аудан орталығына қатынайды. Ал кейде көрші облыстарға баруға мәжбүр.

Жеткерген ЕРГЕШОВ, І ТОП МҮГЕДЕГІ:

Күн ара аламыз ғой диализді. Алды деген аты ғой тек. Шаршап өлейін деп барамын үйге дейін. Машинамен қатынау да оңай емес. Бұларда жақсы болатын болса, мен Ақтөбеге қатынамаймын ғой. Үш ай бойы қыстап келдім Ақтөбеде.

Бұл науқастарға ем жасайтын жалғыз емхана мемлекеттен қомақты қаржы алады екен. Соған қарамастан ғимарат талапқа сай келмейді деп ашулы жиналғандар. Ол аздай тиісті дәрі-дәрмекке де қол жеткізе алмай отырмыз дейді.

Индира ЖОЛМЫРЗАЕВА, І ТОП МҮГЕДЕГІ:

Қазір күннің ыстығына байланысты бізде іште кондиционер жоқ. Давление қатты түседі. 90,60 даже 40-пен жататын адамдар бар. Оларға салатын ешқанда көмек жоқ. Репаксин деген дәрілер салыну керек. Олар бірде бар, бірде жоқ. Басқа қалаларда витамин бар. Бізде витамин жоқ.

Жеке емхана басшылығы аппараттардың кейде істеп шығып қалатынын жасырмайды. Алайда, біз науқастарға барлық жағдайды жасап отырмыз деді.

Алдаберген СҮЛЕЙМЕНОВ, ДИАЛИЗ ЗАЛЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:

Аппарат тоқтап тұратындай жағдай болса, о кезде біз қосымша аппараттарды қосып ала береміз. Сол күні диализ алу керек болған жағдайда о кісілер алмай кеткен уақыт болған жоқ. Сол күні күндіз болмаса да, кешке алып жіберіп жатырмыз.

Арал ауданында күн санап бүйрек ауруларына шалдыққан науқастар саны артуда. Мәселен, 6 жыл бұрын 6 адам ғана тіркелсе, қазір 32. Сөйте тұра, ауданда нефролог дәрігер жоқ.