Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік аймақтарға биыл қыс әдеттегіден ерте келді

  • AstanaTV
  • 14 қазан 2016
  • 4289

Қазан айының ортасы болмай, бірқатар аймақтарда қар жауды. Әдеттегіден ерте түскен ақ ұлпа жұртты әбігерге салды. Жамбыл облысында ағаштар құлап, жарық сөнген. Ал Алматыда бүгін бірнеше рейс кестеден кешікті. Шымкентте әлі көпқабатты үй тұрмақ, әлеуметтік нысандардың өзіне жылу берілмеген. Әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатып айтады.

Қалың түскен қардан Таразда жаппай ағаштар құлап жатыр. Орталық саябақтың сиқы міне. Жапырылған желектен аяқ алып жүру мүмкін емес. Бұл көлік қозғалысын да қиындатты. Бірақ сынған талдарды тазарту жұмыстары әлі жүргізілмей жатыр.

Ольга Юсупова, Тараз қаласының тұрғыны:

Біз балаларымызды аулаға алып шығуға қорқамыз. Мінекей, мына түріне қарасаң, қаламыз қараусыз қалғандай. Көліктер мүлде өте алмайды. Қала әкімшілігі қайда қарап отыр? Қар кеше жауды. Әлі тазаланбады. Ағаштар да құлаған күйі жатыр.

Табиғаттың тосын мінезінен 16 мыңға жуық тұтынушы да жарықсыз қалды. Байланыс, бағдаршам мен электр желілерінің ақауын атқамінерлер алдағы 3 күнде қалпына келтіреміз деп отыр.

Гүлбахрам Дүйсекова, Тараз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

Қалада мына қардың салмағын көтере алмай құлаған талдардың саны 3 мыңнан асады. Осыны қалпына келтіру жұмыстарына 35 камаз, 9 тасымалдаушы көлік, одан кейін 12 бригада қаланың «Жасыл ел - Тараз» мекемесі бар, 300-ден аса адам жұмыс істеп жатыр. Электр қуаты да әр жерде үзілген. Оған да ЖЭС тарапынан 20 бригада шығып жатыр.

Алматыда қар жауып, тұман басты. Бүгін әуежайдан бірнеше ұшақ кестеден кешікті. Сулы қарды көтере алмаған ағаш бұтақтары көлік үстіне құлаған жағдайлар да болды. Ал Шымкентте ерте түскен ақ ұлпа әзірше тек ойын баласын қуантқан секілді. Шаһарда жылыту маусымы әлі басталмаған.

Ольга Пак, Шымкент қаласының тұрғыны:

Түнде суық болды. Бірден қар жауып кеткендіктен, пәтер ішін ас үйде газ пешін жағып қойып жылыттық. Үйде кішкентай балалар бар. Бәрі қалың киіммен ұйықтап шықты. Жылуды ертерек қосса екен деп отырмыз.

Шымкенттегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшыларының мәліметінше, жылыту маусымына әлі ерте.

Талғат Қасымбеков, Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Технологиялық процесі бойынша толық қаладағы магистралдық ішкі орам жылу жүйелерін сумен толтыру жұмыстары қазір жүріп жатыр, зополнение сетей. Ол қазіргі ремонт жұмыстары оған ешқандай әсері тимейді. Жұмыстардың бәрі өз кестесімен атқарылып жатыр қазір. Енді ең басты сұрақ қашан жылу маусымы басталады дейсіздер, ол біздің жоспар бойынша 25 қазанға дейін басталады деп ойлап отырмыз.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Әзірше Шымкентте бюджеттік мекемелер ғана жылу ала бастады. 344 нысанның тең жарымында жеке қазандық бар. Олар кешегі кештен бастап жылыту жүйесін іске қосты, - дейді сала жауаптылары. Өзгесі 20-қазаннан бастап жылу ала бастайды.