Русский Сайттың толық нұсқасы

Жұмыссыз жастар далалық лагерьде әскери машығын шыңдай алады

  • AstanaTV
  • 28 маусым 2023
  • 786

 Бүгін Жамбыл облысында Гвардейск гарнизонындағы Құрлық әскерлерінің оқу орталығында 18-23 жас аралығындағы денсаулығы жағынан әскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды жастардың жиыны басталды. Оған Алматы, Жетісу облыстарынан 30 адам шақырылды.

Әскери-далалық лагерь Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының және Қорғаныс министрлігінің қолдауымен «Алматы» студенттер Альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастырумен «Jiger» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы аясында ұйымдастырылған.

«Алматы» студенттер Альянсынан» мәлім еткендей, жоба тұңғыш рет пилоттық жоба ретінде Алматы қаласы және Жетісу облыстарында жүзеге асырылып отыр. Таңдалған 30 жастың барлығы еңбекпен қамтылмаған.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сүйенсек, іс-шара жастарды әскерлердің тыныс-тіршілігімен таныстыруға, әскери қызмет және әскери іс туралы білім алуға, патриоттық сананы қалыптастыруға бағытталған.

Жиын барысында тартылған контингент жауынгерлік техникамен және қару-жарақ түрлерімен танысады. Командирлердің басшылығымен оқу-жаттығу іс-шаралары барысында жастар әскери бөлімдер мен әскерлерді жауынгерлік тәртіпке келтіру реттілігін зерделейді. Әскери тактика негіздерін меңгереді. Сабақтар 10 шілдеге дейін жалғасады.

Әскери-далалық лагерьдің ашылу салтанатына ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР Қарулы күштерінің өкілдері, қол күресінен әлем чемпионы Темір Спатай, «Алаш арландары» қозғалысының төрағасы Ермек Албан, жоба координаторы Бағлан Шақапұлы, журналистер қатысты.

«Бүгінгі әскери-патриоттық лагерімізге жастарды қолдап келгендеріңізге алғысымыз шексіз. Осындағы әрбір жас сарбазға генерал ағаларының Отан үшін ойланбастан жасаған ерліктері мен өмір жолы қашан да үлгі, Қарулы күштер қатарында тайсалмай қызмет ететіндер үшін бағдар болып қалатыны сөзсіз. Жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу барысында бізбен бірге болғаныңызға қуаныштымыз.
Ия, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – бұл еліміздегі мемлекеттік жастар саясатының бір бөлігі. Өз елінің патриоты болу – өзінің ар-намысы және жеке қадір-қасиеті бар кез келген адам үшін әрқашан құрмет», - деді Б.Шақапұлы.

Айта кетейік, алдағы 17 шілде мен 25 тамыз аралығында Алматы қаласы мен Жетісу облыстарында тұратын 24 жастан жоғары жастар үшін жиындар өткізу жалғаспақ. Осылайша тағы 60 адам әскери мамандықты игеретін болады. Олар Талдықорған және Алматы әскери-техникалық мектептері филиалдарының базасында оқудан өтеді.

Еске салайық, Президент Қ.Тоқаев биыл Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі өте маңызды мәселе екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ патриоттық ұйымдар жұмысын жандандыру қажеттігі атап өтілді.