Футболдан бірінші лига командалары арасында ел біріншілігінің 13-турында Түркістанның «Тұраны» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын қабылдады», деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылы премьер-лигада ойнаған қос команда биыл жоғары топқа қайта оралудан дәмелі еді.
Бірінші таймда-ақ алаң иелерінен белоруссиялық легионер Владислав Ложкин 33 және 36-минутта қос гол соғып, матч тағдырын шешіп тастады деуге болады.
Екінші кезеңде оралдықтардан ресейлік Евгений Кобзарь 46-минутта есепті қысқартқанымен, 50-минутта гвинеялық Мамаду Диалло ойын нүктесін қойды – 3:1.
Осылайша, «Тұран» 31 ұпаймен бірінші лигада көш бастады. Дегенмен 29 ұпайы бар «Елімайдың» одан бір ойыны кем. «Ақжайық» 22 ұпаймен төртінші орында қалды.