Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда жұрттың жағасын ұстатқан қылмыстық іске соңғы нүкте қойылды

  • AstanaTV
  • 17 қазан 2016
  • 3826

Жамбылда жұрттың жағасын ұстатқан қылмыстық іс аяқталды. 7 жастағы жеткіншекті зорлап, ауласына асып кеткен күдікті енді 22 жылын темір торда өткізбек. Бірақ соттың шешімімен екі тарап та келіспеді. Данияр Әлімқұл тарқатады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Қолы қанға боялды деп қамалған Серік Байтақов бүгін өзіне кесілген соттың соңғы үкімін естіді. Ол бастапқыда басты фигурант болғанымен, қылмысқа қатысы жоқ деп қайта жіберілген болатын. Алайда, 4 айдан соң тәртіп сақшылары тағы тұтқындады. Бұған дейін сот ісі жабық есік жағдайында қаралды. Тек бүгін үкім шыққанда ғана БАҚ өкілдері қатыстырылды.

7 жастағы жеткіншектің өмірін қиды деген айыпталғанның ақыл-есінде ауытқуы болған. Бірақ бес жыл бұрын жындыханаға жатып, жазылып шыққан екен. Жәбірленушінің жақындары осы психикалық аурын желеу етіп, жазадан жалтарып кетуі мүмкін деп қорыққан.

Айгүл Мәлікова, облыстық мамандандырылған ауданаралық аса ауыр қылмыстық істер сотының судьясы:

22 жылға. Мен әрбір бап бойынша айтып бердім түсіндіріп, енді қорытындысы бойынша, 58 баптың төртінші бөлігі бойынша, 22 жыл бас бостандығынан айырылды.

Енді ол жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өткізеді. Бірақ, сотталушы бұл үкімге қарсылығын айқайлап жеткізді.

Мен виновный болмасам, неге кінәлі қыласыздар? -Суд вас признал виновным.-Неге?

Ал марқұм баланың туыстары оған тым жеңіл берілді деп деп отыр.

Манзура Егембердиева, Ерасылдың әжесі:

Оңбаған 22 жыл дегенге біз қанағаттанбаймыз бәрібір. Дарға асу керек еді ондай айуандарды. Менің кішкентай баламның өмірін алды ғой айуан.

Сотталушының ата-анасы да үкімге қарсы. Айтуынша, баланың зорланғаны расталғанымен, бұл айуандықты оның баласы жасағанын бірнеше мәрте өткізілген сараптама дәлелдей алмаған.

Зәуре Байтақова, сотталушының анасы:

Соттың үкімімен ешқандай келіспеймін. Өйткені титтей де жазығы жоқ. 22 жыл түгіл, екі ай отыратын жазығы жоқ баланың. Сараптаманың бәрі баламның жазықсыз екенін дәлелдеп отыр. Ол өлтірмек, аспақ түгілі, қолын да тигізбеген.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Серік Байтақовты жақтаған адвокаты да, сот үкімін қайта қарау үшін соңына дейін барам, деп отыр. Айта кетейік, Ерасылдың өгей әкесі Берік Байтақов та бұған дейін сол ұлын ұрып-соқты деген айыппен 6 жылға сотталған еді. Ал бала өлімі өткен жылдың қаңтарында Тұрар Рысқұлов ауданы Каменка ауылында болған еді. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ