Русский Сайттың толық нұсқасы

Еліміздің құқық қорғау органдары қаржылық қылмыстарды нашар ашады

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2016
  • 3147

Құқық қорғау органдарының қаржылық қылмыстарды әшкерелеу көрсеткіші нашар. Өйткені қылмыскерлер орган қызметкерлеріне қарағанда ақылдырақ әрі жылдам әрекет етеді. Бас прокурор Жақып Асанов осылай деді. Бүгін Астанада ұрланған активтерді қайтарудың ұлттық жүйесін дамытуға арналған жиын өтті. Онда келтірілген мәліметтерге сай өткен жылы Қазақстанға 245 миллиард теңге шығын келген. Ұрланған қаржының 27 пайызы, немесе 67 млрд-ы ғана қайтарылды. Жақып Асанов бұл көрсеткішті тек тиын-тебен ғана деп бағалады. Айтуынша, шетелдіктер біздің ұрыларды құшақ жая қарсы алады екен.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Қаржылық қылмыстар бізде өте нашар тергеледі. Ақша жымқырушылар өте әккі болып алған. Техникалық білімі бар және бірнеше қадамды алдын ала ойланып қояды. Ал біз қолды болған қаржыны тез арада тауып, шотты бұғаттап қою арқылы оны жылдам қайтарудың орнына тергеу сараптама жүргіземіз.Шығынды есептеп, мүлде басқа шаруамен айналысып созбаққа саламыз.Бұл кезде қылмыскер ұрлағанын офшорға жіберіп, емін-еркін елден қашып шығады.

Бас прокурор Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің ұрлықтары жайлы да сөз қозғады. Сондай ақ "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы басшысының бұрынғы орынбасары Рүстем Тұрсынбаевтың 70  млн долларды қалтаға басқанын айтты. Ал тергеушілер кейбір қылмыскерлердің қаржыны қайда жасырғанын да білмейтін көрінеді.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Тергеу жүріп жатқанда, Атырау облысы экс-әкімінің кассирлері қолды қылған жарты миллиард долларды шетелге асырып үлгерді. Қазір Ұлыбританияда тұрып жатыр. «Қазатомөнеркәсіп» арзымайтын бағаға офшордан күкірт қышқылын сатып алумен айналысты. Ал шын мәнінде, ұлттық компания вице-президенті Тұрсынбаев 70 млн долларды жымқырып, Канадаға тайып тұрды. Әлімбетов Астанадағы үлескерлердің 5,5 млн долларын алып қашып кетті. Тергеу жүріп жатқан үш айда оның шетелдегі есеп шоттарына Қазақстаннан ақша аударылып отырған. Ал тергеу мұны білген де жоқ.

Дегенмен Бас прокурордың айтуынша, бұл тұрғыда аздап болса да ілгерілеу бар. Офшордағы миллиардтарды қайтарумен айналысатын ведомстоваралық жұмыс тобы құрылған.

Айгүл ӘДЕПБАЙ