Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті 23 жылжымалы көліктік бақылау бекетін сатып алмақшы. Бұл туралы Премьер-Минитсрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында айтты.
«Қазіргі таңда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің аумақтық органдарының теңгерімінде 48 жылжымалы көліктік бақылау бекеті бар. Оның ішінде 20 бірлік 100% тозғандықтан, пайдаланылмайды», - деп жазылған жауапта.
Айтуынша, қазір 21 жылжымалы бекет сатып алу жұмыстары жүріп жатыр.
«Жарияланған конкурстардың қорытындысы бойынша 2023 жылғы 16 маусымда комитет өнім берушіні айқындап, шарт жасасты, оған сәйкес күнтізбелік 45 күн ішінде 18 бірлік арнайы автокөлік беріледі. Оған қосымша 3 арнайы автокөлік сатып алу жоспарлануда. Маңғыстау облысында әкімдікпен 2 жылжымалы көліктік бақылау бекеті сатып алынды: Сондай-ақ, Маңғыстау облысының көліктік бақылау инспекциясының теңгеріміне беру үшін тағы 2 бірлік сатып алу көзделіп отыр», - деп жазады Роман Скляр.