Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облысында қарызға белшеден батқан ауруханалардың шоттары бұғатталған

  • AstanaTV
  • 08 шілде 2023
  • 977

Қостанай облысы бойынша медициналық мекемелердің кредиторлық қарызы 3,5 миллиард теңгеге жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz. 

Борышқа белшесінен батқан кейбір аудандық ауруханалардың есеп-шоты бұғатталған. Қазір көбісі коммуналдық қызмет, құрал-жабдық, дәрі-дәрмек ақысын өтей алмай отыр. Бұл бейнетүсірілімді бізге Арқалық қаласының тұрғындары жіберді. Олардың айтуынша, мемлекет есебінен берілетін дәрі-дәрмекті өз ақшаларына сатып алуға мәжбүр. Өңірлік аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы Ерлан Амалбеков ондай жағдайдың кейде болып қалатындығын жоққа шығармайды.

"СҚ-Фармациядан кешігіп келетін кездері болады. Кейде жолдың қашықтығы бар, шалғайлығы бар. Бізді СҚ-Фармация ЖШС бізді қамтамасыз етеді дәрі-дәрмекпенен және де Фармаком. Сол қыс уақыттарында ауа райының қолайсыздығына байланысты кешігіп жатады. Қалған уақыттарда, қазіргі таңда дәрі дәрмекпен жеткілікті", - дейді Арқалық өңірлік ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Елнар Амалбеков.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін Фармация компаниясына Арқалық ауруханасының қарызы қордаланып қалған. Алашағын өндіріп алу үшін олар медициналық мекеменің есеп-шотын бұғаттауға дейін барған. Жалпы Арқалық өңірлік ауруханасының  жалпы қарызы бүгінде 278 миллион тенгеге жеткен. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінетін қаржы жалақыдан артылмайды.

"Жалақыға бізге кемінде 89 миллион керек айына. Оның ішінде салығымыз бар. Сонда бізге ФОМС-тан түсетін 91 миллион қаржы. Сонда бізде қалады 3 миллион ғана. Бізге оның сыртында басқа жеткізушіге беруіміз керек", - дейді Арқалық өңірлік ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Елнар Амалбеков. 

Қысқасы өңірлік ауруханалардың коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, ас-тағам үшін төлеуге мүмкіндіктері жоқ. Ал әлеуметтік медициналық сақтандандыру қорының өкілдері бекітілген емдеу тарифінен артық ақша бере алмаймыз дейді. Бұл тығырықтан шығудың жолы ауруханалар мен емханаларды біріктіру керек. сонда қаржы үнемделеді. Немесе емдеу тарифін көтеру қажет. Бұл дәрігерлердің ұсынысы. Ал қор басшысы мұнымен келіспейді.

"Штатты, стационарлық керует санын ықшамдау керек. Мысалы Арқалықта орта буын медициналық мамандар Лисаковқа қарағанда екі есе көп.  Ал қызмет көрсететін тұрғындардың саны бірдей десе болады. Аурухана мен емхананы біріктіргеннен ештеңе өзгермейді. Оңтайландырудан басқа амал жоқ. Егер олай істемесек, аудандық ауруханалардың қарызы қордалана береді", - дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев.

Телеарна мәліметінше, кредиторлық қарызға батқан жалғыз Арқалық өңірлік ауруханасы ғана емес. Бұл облыстағы көптеген  медициналық мекемелердің басында бар жағдай. Соңғы мәліметке сүйенсек, облыстағы ауруханалардың жалпы қарызы 3 миллиард тенгеге жеткен. Тағы бір айта кетерлік жәйт, денсаулық сақтау саласындағы жауапты қызметкерлер медицинаға қатысты мәселелер жайында ашып, айтқысы жоқ.