Семейде Сурдолимпиада ойындарының қола жүлдегері Ләззат Бақтиярова мезгілсіз дүниеден озды. Бұл туралы Abai News порталы жазды.
Семейлік қыз есту қабілеті нашар спортшы ретінде түрлі әлемдік турнирлер мен дзюдо чемпионатында еліміздің намысын қорғаған болатын. Ол әлем чемпионатының, XXIV жазғы сурдолимпиада ойындарының және бірінші Азия-Тынық мұхиты ойындарының қола жүлдегері атанды.
"Өзінің нәзіктігіне қарамастан, бойжеткен спортта биік белестерді бағындырды, одан да биік шыңдарды бағындырады деген үмітте едік", - делінген хабарламада.
Облыстық спорт басқармасы Ләззат Бақтиярованың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Айта кетейік, бұған дейін 9 маусымда қала әкімі спортшыға тұрғын үй қорынан "Қарағайлы" ықшамауданында орналасқан жаңа пәтердің кілтін табыстаған болатын.