Русский Сайттың толық нұсқасы

Жәбірленушілерге өтемақы төленетін болады

  • AstanaTV
  • 19 қазан 2016
  • 3217

Адам саудасының құрбандары мен зорлық көрген балаларға енді өтемақы төленетін болады. Яғни жәбірленуші ретінде тіркелген адам, сот шешімін күтпестен, өтеу қорынан қаржылай көмекке ие болмақ. Бұл туралы Мәжілістің пленарлық отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

«Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы» заң жобасында жәбірленушілердің үш санаты айқындалған. Олар: сексуалдық зорлық-зомбылық көрген кәмелеттiк жасқа толмағандар, адам саудасы және азаптау құрбандары. Денсаулығына ауыр зиян келгендер және иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар. Соңғысы - қайтыс болған жәбiрленушiнiң құқықтық мирасқоры. Жәбірленушілерге берілетін қаражат бастапқы көмек ретінде қарастырылған. Мәжіліс депутаттары мақұлдаған заң жобасы 2 жылдан кейін күшіне енбек. Қорда оған дейін бір миллиардтан аса қаражат болады, - деді министр Бақыт Сұлтанов.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Бiрiншi санаттағы жәбірленушілерге төлентiн өтемақы мөлшері - 30 айлық есептік көрсеткіш. Бұл 2016 жылғы айлық есептік көрсеткіш бойынша - 63630 теңге. Екiншi санаттағы жәбірленушілерге 40 айлық есептік көрсеткіш берiледi. Үшiншi санаттағы жәбірленушіге 50 айлық есептік көрсеткіш төленетін болады.

Бүгін Мәжіліс отырысында тағы бір заң жобасы мақұлданды. Бұдан былай Байқоңырдағы кәсіпкерлердің бағаны қолдан өсіруіне жол берілмейді. Қазір Байқоңырға апарған тауарға кәсіпкерлер 12 пайыз құн салығын қосады. Ал Байқоңырдағы ресейлік салық төлеушілер қосылған пайызды есепке ала алмайды. Ресей заңдарына сәйкес олар қосымша тағы 18 пайыз қосады. Аталған мәселені шешу үшін ресейліктермен хаттама жасалып, енді құн салығы нөлдік мөлшермен есептелетін болды.

Саламат ОМАШ