Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда битум тапшылығынан жол құрылысы созылып барады

  • AstanaTV
  • 10 шілде 2023
  • 913

Қызылжарда битум тапшылығынан жол құрылысы созылып барады. Биыл қала билігі 30 көшенің асфалЬтін жөндеуді қолға алған. Бірақ, бүгінде бұл жұмыстың 30 пайызы ғана тындырылған. Қарқынды үдетуге шикізат қолбайлау көрінеді. Жергілікті мердігерлер осы уақытқа дейін Павлодар мұнай өңдеу зауытының өнімін алып келген. Алайда, қазір кәсіпорын жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылып, құрылысшылар шикізаттан қағылып қалды. Мердігерлердің айтуынша, битум жоқ емес, бар. Бірақ алыпсатарлар оның бағасын екі есе аспандатып жіберген.

Евгений ОСМЕХИН, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:

Бізде облыс бойынша бірнеше құрылыс нысаны бар. Күніне асфальттың 500 метрін төсеп жатырмыз. Егер битумнан шектеу болмаса, жұмысты екі есе тез істеуге болар еді. Осының салдарынан кейбір жобалар келесі жылға қалуы мүмкін. Жобалық сметалық құжаттамада битумның бір тоннасына 130 мың теңге бөлінген. Ал алыпсатарлар қазір оны 280-300 мыңнан сатып жатыр.

Елімізде битумды аймақтарға «Қазавтожол» ұлттық компаниясы бөлетін көрінеді. Облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы ұлттық компанияға биылғы жылға 45 мың тонна шикізатқа тапсырыс берген. Алайда, мемлекеттік кәсіпорын бұл сұраныстың тек жартысын ғана қанағаттандырған.

Мақсат БАЯХМЕТ, СҚО ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазавтожол компаниясы бізге жыл басынан бастап битумның 20 мың тоннасын бөлді. Тағы 10 мың тоннаны мердігерлер өздері сатып алды. Ал қалған 15 мың тоннаны қазавтожол бізге қосымша бөлмек. Павлодар мұнай өңдеу зауыты шілденің 20-сы күні қайтадан іске қосылмақ. Кейін шикізатты жеткізе бастайды.