Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қоғамдық көлік онсыз да жетіспей жатқанда". Алматыда автобустар зираты бар

  • AstanaTV
  • 12 шілде 2023
  • 842
Фото: instagram.com/ajupventure видеоларынан коллаж

Алматыда автобустардың "зираты" табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Зираттың" фото және видеоларын Аюп Бейбітшілік атты блогер Instagram-парақшасында бөлісті. Автобустар Алматыдан шамамен 60 шақырым жердегі Жетіген ауылында жиналған.  

Аюп Бейбітшілік парақшасында жүктеген фото және видеолардан автобустарда сырт көзге айтарлықтай ақау байқалмайтынын байқауға болады. Көбінің терезесі сынып, есігі ашық тұр.   

"Ерекше картина, бірақ жағдай қиын сияқты. Қалада қоғамдық көлік онсыз да жетіспей жатқанда қатты ескіре қоймаған автобустарды есептен шығарудың не қажеті бар? Қателеспесем, қаладағы қоғамдық көліктер мемлекет есебінен субсидияланады, яғни мыналарды есептен шығарып, олардың орнына тағы жаңа автобустар алған. (...) Автобустарға қатысты көп біле бермеймін, бірақ жасыл автобустар әлі 10 жылдай жүрер еді немесе оларды басқа қалаларға сатуға, беруге болар еді. Ең болмағанда мүлде жөнделмей жатса, бөлшектерін сатуға болар еді", - дейді жазба авторы. 

Желі қолданушылары бұл жазбаға қатысты түрлі пікір жазған. 

"Келісемін. Басқа қалаларға жіберуге болар еді. Кейбір қаладағы адамдар әлі газельдермен қатынап жүр".
"Семейде автобус жетпейді. Автобус паркі ескірген. Бұл автобустар сол жерге қажет болар еді". 
"Біз Алматы маңындағы Елтай ауылында тұрамыз, қалаға тек автобус қатынайды. Ол автобустың өзін әрең алдырдық. Студенттердің көбі қалада оқиды, халықтың жартысы қалада жұмыс істейді. Ескі автобустар қайда кетеді екен деп ойлайтынмын, себебі оларды облысқа жіберуге болар еді ғой", - дейді Желі қолданушылары.

Алайда бұл автобустардың жағдайы нашар екенін жазған адам да болды. 

"Не деген ақылды адамсыңдар. Ол жерде өзім де болғанмын, бұл автобустардың қандай жағдайда екенін және не үшін есептен шығарылғанын білемін. Жол апаты болса бәрі неге автобусты уақытында есептен шығармаған деп шу шығарады. Бұл сақталу мерзімі, тозу кезеңі бар техника. Бұл автобустардың ол жерде жиналып жатқанына көп болды. Жасыл автобустың бәрі дизельмен жүреді. Олар ескіргеніне қарамастан қазір қалалық автобустарды газға ауыстырып жатыр. Әкімдікті айыптау оңай, бірақ проблеманың неде екенін ешкім түсінгісі келмейді. Менің әкімдік не басқа да мемлекеттік органға қатысым жоқ", - дейді пікір иесі.