Русский Сайттың толық нұсқасы

"Жарық, су, жылу тарифі өседі", - Ұлттық экономика министрі

1-шілдеден бастап электр, су, жылу тарифтері 3-4 мың теңгеге тағы қымбаттады. Баға 2029 жылға дейін көтеріле береді. Үкімет халықты сапалы коммуналдық қызметтермен осылай қамтамасыз етпек. Құбырлардың тозуынан бөлек, саладан білікті мамандар да кетуде. Себебі - айлық аз. Осы проблемаларды шешу үшін шамамен 3 трлн теңге керек дейді экономика министрі. Онан бөлек бюджеттен де қаржы бөлінеді.

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Биыл күтілетін нәтиже ретінде желілердің тозуы 58%-тен 55%-ке дейін төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 6 кәсіпорын шығады деп көзделуде. 2 бөлмелі пәтер үшін жылу бойынша орташа есеп 1620 теңгеге немесе 20%-ға артады.

Кәсіпорындардың көпшілігі өткен ғасырдың ортасында салынған. Үкімет басшысының айтуынша, 3 жыл бойы табыссыз отырған коммуналдық мекемелер жөндеу жұмыстарына қаражат таба алмайды.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Тариф мәселесінде біз барлық жақтың да мүдделерін ескеретін тең ортаны таба білуіміз керек. Яғни, саланы дамыту қажеттілігін де, халықтың мүмкіндігін де ескеруге тиіспіз. “Тарифті инвестицияға айырбастау” қағидатын енгізетін болсақ, тарифті өсіруден түсетін пайда біреудің қалтасына кетпей, тікелей өндірісті жаңғыртуға жұмсалатынына сенімді боламыз.

Тариф барлығына бірдей көтеріледі. Тек аз қамтылған отбасыларға жергілікті бюджет есебінен көмек беріледі. Оның өзінде төлем құны отбасының ай сайынғы орташа табысының 10 процентінен асса ғана.