Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл Ақтөбе облысында 81 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды

  • AstanaTV
  • 12 шілде 2023
  • 917

Ақтөбелік полицейлер ата-аналарды балаларын назардан тыс қалдырмауға шақырады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері мүдделі органдармен бірлесіп, профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді.

Мысалы, жуырда прокуратура, қала әкімдігі, мәслихат депуттарымен бірлесіп өткізілген түнгі рейд кезінде 3 кәмелетке толмаған жеткіншектің кафелерде жүргені анықталып, олардың заңды өкілдеріне және осы мекемелер әкімшілеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Жыл басынан бері түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтар үшін ішкі істер органдарына 3 мыңнан астам кәмелетке толмаған жеткізілді. Заңды өкілінсіз кәмелетке толмағандардың үй-жайдан тыс болғаны үшін 2734 ата-ана жазаға тартылып, түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында болғаны үшін 116 жасөспірім және олардың түнгі уақытта ата-аналарының ілесуінсіз осындай орындарда болуына жол бергені үшін 65 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 125 ата-анаға әкімшілік жаза қарастырылса, 81 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Ақтөбе облысының полиция департаменті ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін сақтауға, олардың мінез-құлқына ерекше мән беруге, бос уақытын қалай өткізетінін қадағалауға шақырады.