Русский Сайттың толық нұсқасы

"10 жыл пәтерде тұрдым". Боксшы Еркебұлан Шынәлиевке Бейжің олимпиадасы кезінде уәде етілген үй берілмеген

  • AstanaTV
  • 13 шілде 2023
  • 850

Боксшы Еркебұлан Шынәлиев "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында Бейжің олимпиадасында жүлдегер атанғаннан кейін уәде етілген пәтер берілмегенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Спортшының сөзінше, 10 жыл бойы пәтер жағалап жүрген.

"Бәрі сөйтіп ойлайды, бәрі сөйтіп сенеді. Телеарналарды шақырды. 2008 жылғы Оңтүстік Қазақстан облысының "Жыл спортшысы" атандым. Үлкен іс-шара өтті. Сөйтіп, екі бөлмелі пәтердің кілтін берді. Бірақ бәрі көзбояушылық десем болады. Үйге дейін апарып көрсетті. Нұрсәт мөлтекауданы енді құрылып, салынып жатқан. Екі-үш айдан кейін "пәтер аласың" деп, 1,5 миллион теңге берді. Ол кезде бір бөлмелі пәтердің өзі 7-8 миллион теңге тұратын. 2008-2009 жылдың басында. Не істейміз енді, бергенін алып, "бас аман болсын, талай пәтерді аламыз" деп өз-өзімді жұбатып қойған жағдайымыз бар. Ешнәрсе алмадым. Іс жүзінде "алынды, берілді" деді. Бірақ пәтер алмадым. 10 жылдан асып кетті. Шымкентте отбасыммен бүкіл ауданда пәтерде тұрып шыққан шығармын. Қазір әке-шешемнің қолында ең кішкентай інім бар, сол үй жақта тұрамыз. Қаладан шаршадым, пәтерден-пәтерге. 20 шақты аудан бар шығар, соның бәрінде айына 80 мыңға, 100 мыңға, 60 мыңға тұрып шықтық", - дейді ол.