Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдықтар көршілерінен шыққан шуға ашулы

  • AstanaTV
  • 20 қазан 2016
  • 3457

Оралда тұрғындар мен кәсіпорын арасында дау шықты. Үй иелері көрші мекеме қондырғыларының дыбысы тым қатты шыққанына наразы. Бұл туралы тиісті орындарға шағымданғанымен, әзірге нәтиже шықпаған. Шудан шыққан шу туралы әріптесім Еркін Карин әңгімелейді.

Шулы компания бұл жерге биыл жазда көшіп келген. Содан бері маза қашқанын тұрғындар жарыса жеткізді.

Еркін Карин, тілші:

Тұрғындардың айтуынша, шудың бәрі менің артымдағы мына қондырғылардан шығады. Жарық өшсе, лезде іске қосылатын генераторлардың дыбысы мазамызды май ішкендей қылды дейді тұрғындар.

Күндіз-түні тынбайтын шудан шаршаған тұрғындар құзырлы органдарға шағым түсірген. Әзірге нәтиже көре алмадық деген бұқара, шу күшеймесе, басылар емес деп отыр.

Раиса Измалкова Орал қаласының тұрғыны:

Ғимаратты салған кезде тарсыл-гүрсілден көз ашпадық. Жөндеу біткесін тынышталар деп едік, шу одан сайын күшейді. Осы мекеменің кесірінен жарық өшетін болды. Шу күшейгенде терезе дірілдеп, үрейіміз ұшады. Үлкен мотордың қасында тұрғандай құлағың ауырады. Білуімізше, бұл аппарат өндіріс орындарында қолданылады. Ал бұлар мұны тұрғын үйлердің арасына орнатып қойған.

Василий Шамин, Орал қаласының тұрғыны:

Неліктен біз олар үшін жапа шегуіміз керек? Керек болса, сол аппаратын өздерінің кабинетіне орнатып қойсын. Біздің қалай қиналып жүргенімізді олар да сезінсін.

Бірақ бүгін ғимараттан шу шықпады. Жиналғандардың айтуынша, бірнеше күннен бері тыныштық орнаған. Бірақ олар жазатайым жарық сөнсе, жағымсыз дыбыс қайта шығатынына сенімді. Олардың бірі шуды телефонына жазып алған.

Ал тұтынушылар құқын қорғау департаменті қатты дыбысқа қатысты нақты өлшемдердің жоқтығын айтады. Яғни тұрғын үйлер мен кәсіпорындар арасындағы қашықтық заң жүзінде нақтыланбаған. Бірақ шудың күшейгенін мамандар да мойындайды. Қалыпты жағдайдағы шудың мөлшері 40 децибелден аспауы тиіс. Ал бұл аумақтағы дыбыс 45 децибелден асып кеткен, деді департамент өкілдері.

Гауһар Дүйсеғалиева, БҚО тұтынушылар құқын қорғау департаментінің бөлім басшысы:

ҚПО б.в. компаниясы бойынша шудың деңгейі өскені анықталды. Сол бойынша шудың деңгейін бәсеңдету үшін, мекемеге ұсыныс қағазын бердік. Бүгінгі таңда бұл бойынша қандай шаралар жүргізгенін біздің қызметкерлер міндетті түрде жұмыстанатын болады.

Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан компания орналасқан бұл ғимарат "Құрманғазы девелопмент" серіктестігіне тиесілі екендігі белгілі болды. Компания басшылығы бұл дауға қатысты біздің арнаға ресми жазбаша өз жауаптарын жолдады.

Ваэл Консоуа, «Құрманғазы Девелопмент» бас директоры:

Ғимаратқа әлемдік деңгейде танымал TRANE зауытының тоңазыту машинасы орнатылған. Бұл қондырғы ешқандай шусыз жұмыс істейді. Қондырғыны орнатқан кезде өндіруші-зауыттың техникалық талаптары мен ҚР аумағындағы нормативтік талаптар ескерілді. Қазір нысандағы шу мөлшері өлшенбегендіктен, нақты ештеме айта алмаймыз.

Компанияның бас директоры шу деңгейін анықтау үшін тәуелсіз сараптама жүргізу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Ал генератордың дыбысынан мезі болған тұрғындар жарықтың өшпеуін тілеп отыр.

Еркін КАРИН