Русский Сайттың толық нұсқасы

Астананың білім беру ұйымдарында 57,4 млн теңге заңсыз пайдаланылған

  • AstanaTV
  • 15 шілде 2023
  • 3368

Елордалық Антикор білім беру саласының қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Статистикаға сүйенсек, білім беру - сыбайлас жемқорлық ең көп тараған салалардың бірі және ол қылмыстық құқық бұзушылықтар саны бойынша жетекші орындарда тұр. Көбінесе қылмысты оқу орындарының директорлары мен есепшілері, білім бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлері жасайды. Осы мәселе жүйелі сипатқа ие және жойылуы тиіс екенін ескере отырып, агенттіктің бастамасымен департамент білім басқармасымен бірлесіп сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді.

Бүгін елордада мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары басшылығы мен есепшілердің қатысуымен білім беру саласындағы талдау нәтижелері жарияланды. Белгілі болғандай, астаналық мектептердің есепшілері мен директорлары білім беру ұйымдарының жалпы сомасы 57,4 миллион теңге болатын қаражатын заңсыз иемденген. Мұның ішінде 29,6 миллион теңгеге жуық сома өтелді.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Айтуар Ағыбаев өз сөзінде агенттік Оқу-ағарту министрімен бірге сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша жол картасына қол қойғанын хабарлады.