Русский Сайттың толық нұсқасы

Адам саудасының жолын кесуге бағытталған 2 жылдық кешенді жоспар бекітілмек

  • AstanaTV
  • 17 шілде 2023
  • 1107

Ел Үкіметі Адам саудасына байланысты қылмыстың профилактикасы, алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ашық НҚА порталында құжатта жазылғандай алдағы 2 жылда мына жұмыстар атқарылады:

- адам саудасымен айналысатындардан қылмыстық жолмен алынған, оның ішінде мемлекеттік шекаралар арқылы өткізілетін кірістерді анықтау, қадағалау, тәркілеу;

- жалған паспорт, виза және өзге де құжаттардың заңсыз дайындалуын және айналымын анықтау, жолын кесу және тергеу;

- құрылыс объектілерінде, шаруа қожалықтарында мәжбүрлі еңбекті, мақта алқаптарында, темекі плантацияларында балалар еңбегін пайдалануды болдырмау;

- жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысу үшін, оның ішінде АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқтырған адамдардың алдын алу және анықтау үшін денсаулық сақтау органдары мен ЖИТС-орталықтарын тарта отырып, притондар ұйымдастырудың немесе ұстауды болдырмау;

- интернет желісіндегі порнографиялық сайттарды анықтау және жою. Интернет желісіндегі порнографиялық сипаттағы порнографиялық материалдарды заңсыз дайындауға және олардың айналымына қатысы бар адамдардың құқыққа қарсы қызметін анықтау, жолын кесу және тергеу;

- адам саудасымен байланысты қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді талдау, оның ішінде практиканы жақсарту бойынша нақты ұсынымдар әзірлеу;

- «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы немесе сот тәртібімен тексеру және кейіннен бұғаттау мақсатында адам саудасымен, жаңа туған балалармен, адам органдарымен байланысты БАҚ пен интернеттегі, сол сияқты осындай қызметтерге сұраныс туғызатын жарнамалық хабарландырулар мен ақпараттық материалдарға қатысты мониторинг жүргізу және құзыретті органдар арасында деректермен алмасу;

- адам саудасымен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленушілерге «Өтемақы қорынан» келтірілген зиянның орнын толтыру тиімділігін талдау;

- адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша сенім телефондары, жедел желілер жұмыстарын ұйымдастыру және жетілдіру;

- Ведомстволық оқу орындарын, ғылыми топтарды, тәуелсіз сарапшылар мен азаматтық қоғамды тарта отырып, адам саудасының нысандары бойынша кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу.

Қолға алынатын жұмыстар туралы толық ақпартты мына сілтеме бойынша өтіп, көруге болады.

Кешенді жоспарды бекітуге бағытталған Үкімет қаулысының-жобасы 31 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін Премьер-Министрге жолданады.