Русский Сайттың толық нұсқасы

Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы мен екі өңірде ТЖД бастығы пара алды деп айыпталды

  • AstanaTV
  • 20 шілде 2023
  • 1089

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты комитет төрағасы және департамент басшылары жемқорлық күдігіне ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Антикорға сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жоғары лауазымды шенеуніктер арасында жемқорлықтың жүйелі фактілерін анықтау аясында Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, осы ведомствоның бөлімше басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолын кесті.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жартыжылдық қорытынды отырысында төраға Асхат Жұмағали хабарлады.

Айталық, жасырын іс-шаралардың нәтижесі бойынша ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Жетісу облысы бойынша ТЖД бастықтары парақорлықпен әшкереленді.

Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарт жасау арқылы олардың қызметтерін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деп күдіктенеді.

Пара сомасы - 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейін.

Бұдан басқа, ТЖМ өртке қарсы қауіпсіздік комитетінің төрағасы заңсыз ақшалай сыйақы үшін Ұлытау облысы бойынша ТЖД басшыларының біріне қамқоршылық жасаған.

Күдіктілер ұсталып, изоляторға қамалды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Аталған лауазымды адамдардың басқа да жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жарияланбайды.