Русский Сайттың толық нұсқасы

Астаналық 83 жастағы әйел "Алжир" музейіндегі лифтіден құлады

  • AstanaTV
  • 21 шілде 2023
  • 1553

Ақмола облысындағы "Алжир" музейінде 83 жастағы әйел лифтіден құлап, жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Туыстарының айтуынша, әлі күнге дейін қалалық әкімдікке қарасты мекеме басшылығы кешірім сұрамаған. Мемориалды кешенді көреміз деп, ауруханадан бір-ақ шыққан әйелдің беті бері қарады. Дегенмен оның жақындары оқыс жағдай қайталанбасы үшін жауаптылар қызметін босатуды талап етіп отыр.

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Астанаға алғаш барған екен. Ол мерекелік концерттерден соң мемориалды кешенге барғысы келген. Лифтіге мінген бетте үзіліп, төмен құлдилапты.

"Менің анам негізі денсаулығы сондай сыр беріп, төсек тартып жатқан адам емес болатын. Жүріп жүрген адам, иә, бәрін көргісі келеді, білгісі келеді. Білмеймін енді қалай қарайтынын, екеуіміз тұрамыз үйде. Өзімен кеше сөйлесе алдым. Әзірше ешкім телефон шалған жоқ. Кешірім ешқандай болған жоқ", - дейді жәбірленушінің қызы Гүлнар Тұрсынбаева.

Қазір жәбірленушінің жақындары прокуратураға арыз түсірген.

"35 мұражай Астана әкімдігіне тиесілі болғандықтан әкімдіктен бастап төмен қарай кім бұған жауапты солардың бәрі жауапқа тартылуы керек. Лифтерді кінәлі қылып қоймасын дегенім ғой, өткені бір лифтілерді алып тастаса, басшылық сөйтіп орнында қала берсе, онда адамдар ертең де осындай жағдайларға тап бола береді. Ештеңе өзгермейді", - дейді жәбірленушінің немересі Дастан Қисықов.

Лифтіде болған 1969 жылғы мұражай қызметкері жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды. Ал кейуана әлі реанимацияда, жағдайы қалыпты. Ертең оған алғашқы операция жасалады. 

"Бірнеше жерден сүйектері сынған, әсіресе, аяқ ұшы мен омыртқасына қатты зақым тиген. Бұның алдында жасанды буын қойылғанын ескерсек, қайта қалыпқа келу үшін біраз уақыт керек болады. Шамамен жарты жылдың арғы жақ, бергі жағы, қазір дөп басып айту қиын. Бір айдың ішінде 34 ауыр операция жасалады. Одан кейін де үнемі дәрігердің бақылауында болуға тиіс", - дейді №2 травматология бөлімшесінің меңгерушісі Александр Степанов.