Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда XIX ғасырдың аяғында салынған көппәтерлі үйдің төбесі опырылды

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2023
  • 1317

Оралда екі ғасыр бұрын салынған қосқабатты үйдің төбесі опырылып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz. 

Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Бірақ осы үйде тұрған отбасы енді қайда барарын білмей дал. Мұндағы өзге тұрғындар да үреймен күнелтіп отыр. Олардың айтуынша, әкімдіктен ескі ғимарат орнына жаңасын салып беруді сұрағанымен мәселе әлі шешілмеген.

Жұмыстан келген Бауыржан Құсанәлиев баспанасының тас-талқан болғанын көріп естен тана жаздаған. әйтеуір Оқыс оқиға кезінде  бала-шағасы үйде болмапты. Кейін 6 жасар баласын бірден ауылдағы туыстарына жіберген. Ал әйелі екеуі осында тұруға мәжбүр. 

"Құлағандарының бәрін жинап, есік алдына шығарып тастадым. Заттарымды ана жаққа кіргізіп. Әкімдікке бардым. Ол "төбені мен жауып бермеймін ғой" дейді. Солай айтты. Сөйтіп, шығарып салды, болды", - дейді қала тұрғыны Бауыржан Құсанәлиев. 

Пушкин көшесінде орналасқан бұл үй XIX ғасырдың аяғында салынған екен. Мұнда 11 пәтер бар. Небір тарихи кезеңдерге куә болған ғимараттың қазіргі кейпі жарылыстан зақымданған нысанға ұқсайды. 

"Қабырғалар жарылып жатыр. Енді төбесі құлап жатыр солайымен. Өз күшімізбен су өткізген болатынбыз, газ өткізген болатынбыз. Мынандай апаттыболғасын кейбіреулер пәтерге шығып кетіп жатыр, басқа пәтер жалдап", - қала тұрғыны Гүлмайра Нұғманова. 

Қазір қалада 55 көппәтерлі үй апатты деп танылған. Алайда ол тізімде дәл осы екі ғасыр бұрын салынған нысан жоқ болып шықты. Мамандар ғимараттың апатты жағдайда екенін дәлелдеу үшін алдымен тұрғындар ортақ құжат жасатуы керек екенін айтады. 

"Үйдің иелері өздері бірігіп, аккредитацияланған компаниялар арқылы осы үйді апаттық деп тану керек. Содан кейін біздер реновация бағдарламасымен жұмыс жасай аламыз. Бұл бағдарлама бойынша осы апатты үй кейбір компанияларды қызықтырса, онда осы жерге жаңа тұрғын үй салады", - дейді қалалық реновация бөлімінің басшысы Бағдат Рафаил. 

Шаһарда реновация бағдарламасы шеңберінде 4 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Оларды жыл соңына дейіп тапсыру жоспарда. Тағы 5 үй көп ұзамай сүріледі. Ал өзге баспаналардың тұрғындары кезегін сарыла күтуге мәжбүр.