Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында бүгін алты полиция қызметкері сотталды

Түркістан облысында алты полиция қызметкері сотталды. Түркістан қалалық сотының судьясы бес полицейге төрт жылға үкім кессе, тағы бір тәртіп сақшысына 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Барлығы шенінен айырылды. Бұдан бөлек жәбірленушілерге моральдық шығын өтеуге міндеттелді.

Еске салайық, Сауран аудандық полиция бөлімінің алты қызметкеріне екі тұрғынды «мал ұрлығы қылмысын мойындату үшін ұрып-соқты» деген айып тағылған болатын. Бұл жағдай өткен жылдың 8-ші ақпаны күні болған.

Абай БЕКБОТАЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

ҚР Қылмыстық кодексінің 146-шы бабының 2-ші бөлігі, 1-2-ші тармақтарында және 414-ші бабының 1-ші бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Үш жылға құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Сотталғандар жазаны қылмыстық - атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейтін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Алайда сот залына жиналған туыстары мен айыпталушы орындығында отырғандар шу шығарды. Сот үкімімен келіспеген тарап аппеляциялық шағым түсіреміз деп тарасты.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, АДВОКАТ:

Осы уақытқа дейін бұл жерде Қылмыстық процестік кодекстің көптеген заңбұзушылықтары болды. Алдын ала тергеу, сотқа дейінгі тергеудің кезінде. Тергеу мерзімдері бұл жерде өтіп кеткен деп санаймыз. Сол себепті аппеляциялық жолмен біз оның бәрін береміз. Және алдағы уақытта заңды шешім қабылданады деп санаймыз.