Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұхтар Құл-Мұхаммед ОҚО-дағы маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысты

  • AstanaTV
  • 25 қазан 2016
  • 8743

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Оңтүстік Қазақстанда болды. Маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалу сапасын тексерді. Әлеуметтік инфрақұрылымның даму барысымен танысып, жаңадан салынған жылыжай кешені мен алдыңғы қатарлы өндірістерді аралады.

Шымкенттегі «Асар» шағын ауданына ат басын бұрған Мұхтар Құл-Мұхаммед мұндағы құрылысты оң бағалады. Биыл аймақта 64 мың шаршы метр болатын 1140 пәтер пайдалануға берілген. Бұл тұрғын үйлер көлемі бір жарым есеге дейін ұлғайғанын көрсетеді. Саланың қарқын алуына «Нұрлы Жол» бағдарламасының септігі мол.

Алмас Әбдіқадыров, «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ партиялық бақылау комиссиясының инспекторы:

Ай сайын құрылыс сапасына мониторинг жасап отырамыз. Құрылыс басқармасындағылар, энергетика бөлімі мамандары есеп береді. Кемшілік анықталған жағдайда, дер кезінде түзетілуін талап етеміз.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары «Достық» шағынауданында құрылысы жүріп жатқан 1200 орындық жаңа мектепті аралап көрді. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан нысан келесі оқу жылында пайдалануға берілмек. Халық саны күн санап өсіп отырған ауданға жаңа мектеп ауадай қажет. Мұндағы 400 орындық білім ошағында оқушылар үш ауысыммен оқып жүр.

Данабек Бекенов, «Югстройсервис-Н» ЖШС директоры:

Құрылыстың жалпы сомасы 1 млрд 100 млн. Осы ағымдағы жылға бөлінгені 850 миллион. Оның қазір 750 миллионын игердік. Енді 100 миллионы қалды. Құдай қаласа, ноябрь айында оны да игереміз.

Ел аумағындағы жылыжайлардың 90 пайызға жуығы оңтүстікте орналасқан. Солардың бірі - «Адель» шаруа қожалығы голландиялық технологиямен қияр мен қызанақ өсіріп отыр. Жыл сайын 6 мың тоннадай өнім жиналады. Мұхтар Құл-Мұхаммед шағын-орта бизнестің дамуына айрықша көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды. Өңірде 330 мыңнан астам кәсіпкер бар. Алайда, экономикадағы шағын-орта бизнестің үлесі 20 пайызға де жетпейді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасымыз еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанның әрбір өңірінің басшыларын орта және шағын бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлу керек екендігін айтумен келе жатыр. Дәл осы үшін мемлекет тарапынан өте үлкен қолдау көрсетілуде. Бір ғана «Нұрлы жол», «Бизнестің даму картасы» бойынша өңірге ашылған мүмкіндіктер ұшан-теңіз. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер осы мүмкіндіктерді, осы Елбасының жасап жатқан қамқорлықтарын пайдаланып, өзінің бизнесін дамыту керек деп есептейміз.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары жоғары сапалы шыны ыдыстар шығаратын «ЕуроКристалл» зауытында да болды. Жылына 210 миллион дана құты шығаратын кәсіпорын "Бизнестің жол картасы 2020" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске қосылған. Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақстандық өндірушілердің жергілікті өнім өткізу нарығымен шектеліп қалмауы тиіс екенін баса айтты. Сондай-ақ, Мұхтар Абрарұлы облыс активімен кездесті. Жиында "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалының төрағасы болып Жансейіт Түймебаев сайланды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ