Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда жер сілкінісі болуы мүмкін аймақтарда 7 млн астам адам тұрады

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2023
  • 958

Еліміздегі сейсмикалық қауіп жоғары өңірлерде 7 миллионнан астам адам тұрады және онда отандық өнеркәсіптік әлеуеттің 50% шоғырланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ел үшін әрқашан басым бағыттардың бірі болып қала береді. Өйткені, Қазақстан аумағының шамамен 40% сейсмикалық аймақ саналады. Аса зор қауіп – XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында ең үлкен тарихи жер сілкінісі болған елдің оңтүстік-шығыс аумақтарында. Олардың эпицентріндегі әсер ету күші 8-10 балға жетті. Сондай-ақ бүгінде Шығыс Қазақстанда 8 балға дейін, ал оңтүстік өңірлерде 8-9 балға дейін, орталық және Батыс Қазақстанда 6-7 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аудандар бар», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Қазақстанда сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында.

Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған биылғы деректерге сай, сейсмикалық қауіп жоғары өңірлерде 7 миллионнан астам адам тұрады. Бұған қоса ол аймақтарда елдің өнеркәсіптік әлеуеттің 50% шоғырланған, 400-ден астам қалалар мен елдімекендер орналасқан.

«Алматы және Шымкент қалалары, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Абай және Жетісу облыстарының аумақтарында сейсмикалық қауіп жоғары. Бүкіл Орталық Азиядағы сейсмикалық қауіпті аймақтардың бірінде орналасқан Алматы қаласы апатты жер сілкіністеріне барынша бейім», - деп көрсетілген кешенді жоспарда.