Русский Сайттың толық нұсқасы

ЮНЕСКО мектепте смартфон қолдануға тыйым салуға шақырды

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2023
  • 848

ЮНЕСКО ұйымы мектептегі сабақтарда смартфонды қолдануға тыйым салуға шақырды, деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, оқушылар назары гаджеттерге ауып, оқу үлгерімі төмендеп кеткен. Сондай-ақ ұялы телефонға телмірген балалардың көру қабілеті де көңіл көншітпейді.

ЮНЕСКО-ның зерттеулері бойынша, мектептерде технологиялық құрылғылар, әсіресе смартфондар мен компьютерлерді оқушылар тым көп қолданады. Сарапшылар тек қажетіне қарай пайдаланып, бұл істі тәжірибелі ұстаздар басқаруы тиіс дейді.

«Білім беру саласында технологияларды қолдануда мұқият болу керек. Ол оқу сапасын көтеруге бағытталуы қажет және оқушылар мен мұғалімдерге зиян келтірмеуге тиіс», – деді «ЮНЕСКО» ұйымының бас директоры Одри Азуле.

Баяндама авторлары белгілі дағдылар игеру және нақты ғылыми салаларда білімін жетілдіруге жаңа технологиялар пайдалы болатынын мойындап отыр. Бірақ балаларға кері әсері тимес үшін мектеп мұғалімдері осы саланы қадағалауы керек. Әлемнің әрбір төртінші елінде мектептерде смартфондарға тыйым салынған. Бұл тізімде осындай шектеуді 2018 жылы енгізген Франция бар. Италияда мұғалімдер таңертең оқушылардың смартфондарын жинап алып, оқуы біткенде қайтарады. 2024 жылы олардың қатарына Финляндия мен Нидерланд қосылады.

«Білім беру мен оқу процестерінде жаңа технологиялардың болғаны дұрыс. Бірақ ол адамдардың жұмысына, денсаулығына зиянын келтірмеуге тиіс», – деді баяндама авторы Манос Антонинис.

Соңғы 20 жылда көптеген мектептерде қағаздың орнына экрандарды қолдана бастады. Оқушылар кітап оқымай, интернеттен ақпарат алатын болды. Ал пандемия бұл үрдісті тездетіп жіберді. Миллиондаған бала онлайн оқуға көшті. Технологияға құмарлық білім беру саласына қымбатқа түсіп отыр. Осы қаражатты ұстаздардың жалақысын көтеруге және тұрмысы нашар оқушыларға кітап сатып алуға жұмсалғаны жөн, – дейді ұйым өкілдері.