Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыдағы балалардың жаппай улануы: зардап шеккендер саны артты

  • AstanaTV
  • 02 тамыз 2023
  • 896

Қарағандыда балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 12 жасөспірім уланып, бір бала қайтыс болған еді. Ал бүгінде зардап шеккендер саны артты. Бұл туралы "Хабар 24" арнасы хабарлады.

Телеарнаның хабарлауынша, ауруханаға тағы екі бала келіп түскен. Қазір ауруханада тіркелген зардап шеккендер саны 14-ке жетіп отыр. Алты бала қазір жансақтау бөлімінде жатыр, екеуінің жағдайы өте ауыр. Қалғандарының денсаулығы қанағаттанарлық.

Сондай-ақ арнаның хабарлауынша, зардап шеккендерде интоксикация мен тыныс алу жетіспеушілігі анықталған. Балалар жаппай уланған орталықта қазір 160 мүгедектігі бар бала жатқаны атап өтілді. Көбінесе бұл жетімдер немесе ата-анасы бас тартқан балалар.

Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен еліміздің жетекші клиникаларынан жіберілген мамандар балаларды өз бақылауына алды.

Аталған оқиғадан кейін "Санитариялық ережелерді бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себептерін арнайы прокурорлар анықтап жатыр.

"Алдын ала болжам бойынша алғашқы тексеру кезінде ішек инфекциясы байқалған жоқ, теріс нәтиже берген. Қазір дәрігерлер неліктен балалардың осындай ауыр халге ұшырағанын анықтауда", – деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.