Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған нысандар құрылысы ойдағыдай жүріп жатыр

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2016
  • 2620

Оралда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы нысандар құрылысы ойдағыдай жүріп жатыр. «Нұр Отан» партиясы жанындағы комиссия бүгін атқарылған жұмыстармен танысты. Бұл Мәншүк Мәметова көшесіндегі су құбыры. Тозығы жеткен құбырды жаңасына алмастыру үшін Ұлттық қордан 137 миллион теңге бөлінген. Қазір жұмыстар 95 пайызға орындалды.

Күздің қара суығы басталысымен жұмыс қарқыны күшейген. Құрылысшылар қар түскенше бітіруге тырысып бағуда. Осыдан қырық жылдай бұрын төселген құбырдың 70%-ның тозығы жеткен. Пайдалану мерзімі де әлдеқашан өтіп кеткен. Құбыр төсеген кезде суды ажыратпау үшін құрылысшылар жаңа құбырды ескісінің қасынан жүргізіпті. Жаңа технологиямен төселген құбырдың жарамдылық мерзімі жарты ғасырға жуықтайды.

Абат Жоламанов, мердігер мекеменің учаске бастығы:

Объектінің ұзындығы 2568 метр, енді бір 50 метрдей жері қалды. Соны аяқтап, уақытынан бұрын бітіреміз бе деп, тырысып жатырмыз. Қарашаның аяғына дейін бәрін түгел тапсыратын болармыз, негізгі уақытымыз - желтоқсанның 15-і.

Батыс Қазақстанда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құны 5,7 млрд теңгені құрайтын 27 жоба іске асырылуда. Комиссия мүшелерінің сөзінше, жұмыс қарқыны қалыпты. Ендігі мәселе сапаға баса мән беріп, жұмыстың жоспарға сай жүргізілуін қадағалау.

Фарид Бахтиозин, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы комиссия төрағасы:

Қазір мердігерлерге қояр талап күшейді. Суық түскендіктен, асфальт жабыны дұрыс төселуіне көңіл бөліп отырмыз. Мердігерлер - бұған дейін біліктілігімен танылған тәжірибелі мамандар. Қолданылатын материалдар - жергілікті өндірушілердің өнімі. Сондықтан кешеуілдеу болмайды деген сенімдеміз. 

Еркін КАРИН