Грузияның Рача таулы аймағындағы Шови курорты аумағында көшкін салдарынан қаза тапқандар саны 17 адамға дейін өсті. Тиісті мәлімдеме Грузияның ішкі істер министрлігінің (ІІМ) сайтында жарияланды.
«Қазіргі уақытта құтқарушылар 17 мәйітті тапты. Құтқару операциясы аясында 200-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді», - делінген хабарламада.
Апат аймағында құтқару жұмыстары жалғасуда.
Грузия Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, апат аймағынан табылған 17 мәйіттің 16-сы медициналық тексеруге жіберілген. Олардың жетеуі қазірдің өзінде анықталды.
Грузияда 7 тамыз аза тұту күні деп жарияланды.
Айта кетейік, Грузиядағы Sunset showee қонақ үйінің жанындағы көшкін 3 тамызда түсті. Балшық массасының көлемі 5 миллион текше метрден асты. Ол өзен арнасында демалып жатқан туристермен бірге коттедждерді қиратты.