Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада жаңа оқу жылында 23 мыңға жуық оқушыға көмек көрсетіледі

Биыл жаңа оқу жылында елордада 23 мыңға жуық оқушыға көмек көрсетіледі. Оның 14 мыңнан астамына бюджеттен қаржылай жәрдем тағайындалған. Олардың қатарында 6 баланың анасы Фарида Бейжанова да бар. Оның мектепте төрт перзенті оқиды.

Фарида БЕЙЖАНОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Атаулы әлеуметтік көмек 41 мың теңгеден тағайындалған үкімет тарапынан. Өте ризамын өткен жылы да алдық. Балаларымызға бір балаға мектепке керек-жарақ нәрсенің барлығын алдық. Жақсы ойлап табылған нәрсе. Осы жылы да алдық. Қаншама ата-аналар риза болып жатыр. Бұрын ондай болған жоқ қой.

Аталған қаржылай көмекті әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз отбасылардан шыққан және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар ала-алады.

Серік ӘДІЛБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осы жылы 14200 оқушы қамту жоспарланған. Бұл сан былтыр 13658 оқушыны қамтыған болатын. Бүгінгі күні 1 тамыздан бастап бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр қалада.

Бұдан өзге "Мектепке жол" акциясы аясында 8 мың 500 балаға әлеуметтік қосалқы пакеттер үлестірілмек. Сонымен қатар 12 тамыздан бастап қаланың барлық аудандарында балаларды мектепке дайындау үшін жәрмеңкелер ұйымдастырылатын болады.