Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтаулық таксист жолаушыларына ән айтып береді

  • AstanaTV
  • 14 тамыз 2023
  • 941

Ақтауда такси жүргізушісі көлігіне мінген жолаушыларға қаланың көрікті жерлері жайлы ақпарат айтып, жергілікті ақындардың сөзіне жазылған әндерді айтып береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зейнеткер Нұрлыбай Батыхов бос уақытында жолаушыларға такси қызметін ұсынады.

Ең қызығы ол көлігіне мінген әрбір жолаушыға жақсы көңіл күй сыйлау үшін ән орындап береді.

65 жастағы Нұрлыбай Батыхов үш қыз, үш ұлынан 10 немере сүйіп отыр.

Ән айтуға деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысқан.

Зейнеткердің айтуынша, жолаушылар оның шырқаған әнін қуана тыңдайды. Тіпті кейбіреулері әнді қосылып айтады екен.

«Көлігіме әртүрлі жолаушы мінеді. Бірде бір қызық жағдай болған. Анасы мен баласы емханаға бара жатыр екен. Мен жол бойы бос отырмай, қаланы таныстырып, ән айтып бердім. Бір кезде бүлдіршін көліктен түспей, тағы ән айтуымды сұрады. Не істерімді білмей, кішкентайға немерелерім бар екенін, олардың мені күтіп отырғанын айтуыма тура келді», - дейді Нұрлыбай Батыхов.