Алматы электр станциялары жылу маусымына 68 пайызға дайын. Мегаполистегі энергокешендеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысқан сала мамандары осындай баға берді.
2023 жылға инвестициялық бағдарлама шеңберінде жылу энергиясына 2,8 млрд. теңге бекітілді. Ал "Алматы электр станциялары" компаниясының күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына барлығы 10 миллиард теңге бөлінді. Жоспар бойынша қаладағы жабдықтардың 70 бірлігін және екі жылу магистралін жөндеу қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылғылардың 68% жүмысқа дайын.
Алексей СКРЯБИН, «АЛМАТЫ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫ» АҚ БАС ИНЖЕНЕРІ:
Бұл қаражат жалпы "Алматы электр станциялары" АҚ құрамына кіретін кәсіпорындарға қатысты. Атап айтқанда, 2-ші ЖЭО-на 6 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде оның шамамен 3 миллиард теңгесі игерілді.
«Алматы электр станциялары» мегаполисті 51,4% - ға электр энергиясымен және 70% - ға жылумен қамтамасыз етеді. Жөндеу жұмыстарының аяқталуы 1-қарашаға жоспарланып отыр.
Бауыржан ҚАЛИЕВ, «ЖЭО-2» БАС ИНЖЕНЕРІ:
Бүгінгі күнге 5 қазандық қондырғы бойынша жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды және 4 турбоагрегат бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды. Энергосистема бізде толығымен білікті мамандармен қамтылған, жөндеу жұмыстарына барлық керекті жабдықтар сатып алынып, жөндеу жұмыстары бекітілген кесте бойынша жүргізіліп жатыр.
"Алматы электр станциялары" компаниясы бойынша бүгінде құрылғылардың тозуы 74 пайыз. Жөндеу жұмыстарының арқасында жабдықтар тағы бес жылға дейін қызмет ете алады.