Русский Сайттың толық нұсқасы

Қытайдың 3100 жылдық тарихы бар қаласын лай көшкіні басып қалды

  • AstanaTV
  • 14 тамыз 2023
  • 1328

Қытайдың солтүстік-батысындағы Сиань қаласына жақын маңдағы ауылды лай көшкіні басып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 11 тамызда Сиань қаласының оңтүстігіндегі Вэйципин кентіндегі тауда болған. Толассыз жауған жаңбыр салдарынан ығысқан жартас екі тұрғын үйді қиратты. Сонымен қатар, жолдар, көпірлер, электрмен жабдықтау нысандары зақымданған. Сиань қаласының төтенше жағдайлар басқармасының хабарлауынша, көшкін құрбандарының саны 21-ге жетті. Тағы 6 адам із-түзсіз жоғалған.

Жергілікті билік іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастырып, оған 980-нен астам адам жұмылдырылды. Сонымен бірге апат аймағында байланыс пен электр қуатын беру қалпына келтірілуде.

Сиань қаласының тарихы 3100 жылдан астам уақытты құрайды. Біраз уақыт бойы ол әлемдегі ең үлкен (ауданы бойынша да, тұрғындарының саны бойынша да) қала болды. Ол Қытай тарихында 13 мемлекеттің астанасы болды. Атап айтқанда Чжоу, Цинь, Хань, Суй және Тан дәуірінде.

Айта кетейік, биыл Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығы ашылды. Салтанатты шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында өтті. Қазақстан Шэньси провинциясында дипломатиялық өкілдігін ашқан Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет болды.