Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қызды аяймын": Аласа бойлы жігіттің сүйіктісіне жасаған ұсынысы желіде қызу талқыланды

  • AstanaTV
  • 16 тамыз 2023
  • 8563

Бейнежазбадан аласа бойлы жігіттің сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасап жатқанын көруге болады. Бойжеткен келісімін бере сала, күйеу жігіт гүл шоғын ұсынып, жүзігін тақты.

Видеоны көрген желі қолданушылары бейнежазба астына түрлі пікір қалдырды. Олардың басым бөлігі бойжетткеннің жаратылысы ерекше жігіттің жағдайы мен байлығына бола тұрмысқа шыққалы жатыр деп болжады. Көпшілік ерекше жұптың махаббатына сенбейтінін жазды.

“Бай шығар. Басқа ешқандай себеп көріп тұрғаным жоқ”, “Кешіріңіздер, бірақ мен мұндай махаббатқа сенбеймін”, “Қыз осындай жағдайда болса, жігіттер қарамас еді”, “Қызға обал болды, аяймын”, “Өмір бойы өкінесің, сіңілім”, “Бұл махаббат емес”, “Қыздың ішкі сезімі өзіне ғана аян”, – деп жазды желідегілер.

Олардың арасында жас жұбайларға бақыт тілеп, махаббаттың ұлы сезім екеніне көз жеткізгендер де болды.

“Кім не десе, о десін. Бақытты болыңдар”, “Әрбір жан бақытты болуға лайықты”, “Жүрекке әмір жүрмейді, бақытты болыңдар”, “Алланың қалауымен бас қосып жатыр, бақыт тілейік”, “Ерінің разылығын алам деген әйелге түрі де, басқасы да маңызды емес”, – деп жас жұбайларға қолдау көрсетті.

Ерекше жұптың қуанышты сәтін Аяжан есімді желі қолданушысы жариялады. Келіншек өзін күйеу жігіттің әпкесі деп таныстырды. Ол жағымсыз пікір жазған жандарға ренішін білдіріп, видео жариялады.

“Баршаңызға қайырлы күн! Мен інімнің үйленіп жатқан сәтінен бірнеше видео жүктеп едім, жағымсыз пікірлерден көз аша алмай қалдым. Жас жұбайларға бақыт тілеп жатқан жандарға рахмет. Сіздерге барлығын түсіндіргім келіп, видео түсірдім. Інілерімнің жасы 23, 24-те. Желідегілер інім мен келінім жайлы “Жасы қырықта, шал ғой, жігіт бай, бай болған соң қыз тиіп жатыр” деп түрлі пікір жазып жатыр. Қыздың жағдайы бізден жақсы. Қыз адал, пәк. Оның иманы болғандықтан, інімді бақытты етемін деп тұрмысқа шықты. “Шетелдікке тұрмысқа шыққанша қазаққа тимейсің бе?” деп айтатындар бар. Менің бауырым – қазақ. Мен бауырларымнан ұялмаймын. Оның бойы аласа болғаны болмаса, бауырым жүре алады. Олар сіздер көрмеген, жүрмеген жолмен жүрген. Менің бауырым – ел аралап, ем іздеп, әлем бойынша осы дертіне шипа тапқан үшінші адам. Келінім ақша үшін ініме үйленген жоқ, бұл –махаббат. Мен бауырымды мүсәпір көрмеймін. Оның қыздарды шертіп тұрып таңдайтын жағдайы бар”, – деп жан сырын ақтарды.

“Жаным бауырым, қолыңа қондырған құсың құтты болсын. Сен бар жақсыға лайықсың. Себебі Алла сені ерекше етіп жаратқан”, – деп жазды Аяжан Айдарқұлова.

Оның желідегі парақшасынан жас жұбайлардың шариғат бойынша неке қиған сәтін де көруге болады.