Русский Сайттың толық нұсқасы

Банк клиентіне қарақшылық шабуыл фактісі бойынша тергеу ісі басталды

  • AstanaTV
  • 31 қазан 2016
  • 2504

Алматыда банк маңында тағы да қарақшылық шабуыл жасалды. Қазір бұл іс бойынша сот алды тергеу ісі басталды. Бұл ақпаратты қалалық ішкі істер департаменті жариялады. Қарулы шабуыл Марков және Байтұрсынов көшелері аралығында орналасқан екі бірдей банк алдында болған. Жәбірленушінің бірі ауруханада. Мән-жайды Айгүл Ермахан білді.

Айгүл Ермахан, тілші:

Марков және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан «ВТБ» және «Сбербанк» банктерінің маңайын күндізден бері полиция торуылдап жүр. Өйтпеске амалы қалмады. Қазір қалалық ішкі істер департаментінің өкілдері қарақшылық шабуыл фактісі бойынша сот алды тергеу ісін бастады.

Оқиға түскі сағат 13.00 шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, белгісіз екеу «Алатау-гранд» бизнес орталығының іргесінде орналасқан  ВТБ клиентерін тонамақ болған. Қаруларымен қорқытып, ақшаны қолды етуге әрекеттенсе керек.

Қуаныш Қоңырбаев, куәгер:

Естігенмін, екі  азиат адам екі орысқа нападение жасаған.  Төбелескен. Екеуі сумкасын алмақшы болған, бірақ  екеуі де төбелескен. Балалардың айтуынша, біреуі воздухқа атқан. Бірақ пистолетпен бастарын ұрған. Келсем бастары қан отыр. Сол орыстан сұрағанда, мына «Сбербанктен» шыққан жоқпыз дейді. Сонан кейін балалар айтады ВТБ-дан шықты.

Ал, қарақашылардың қаражатты ұрланған ұрланбағанын полиция анықтап жатыр. Ал «ВТБ» банкінің өкілдері жәбірленгендердің өз тұтынушылары екенін жоққа шығарды.

Татьяна Шевченко, «ВТБ» банкінің жарнама және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы:

Екі ер адам «Алатау Гранд» бизнес орталығынан шыққан. Оларға  шабуыл банк аумағынан тыс жерде болған. Біздің тұтынушылар емес. Аталған оқиға бойынша қазіргі кезде жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қажеттілік жағдайында банктің қауіпсіздік қызметі құқық қорғау органдарына көмегін беруге дайын. Өйткені бұл біздің азаматтық парызымыз.  Толық ақпаратты жедел тергеу шаралары аяқталысымен, құқық қорғау органдары береді деп ойлаймыз.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, жәбірленушінің бірі ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оның өміріне қауіп жоқ екенін айтты.

Оңласын Ибекенов, қалалық  жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің хирургия бойынша  орынбасары:

Пациентте бас ми жарақаты, мидың шайқалуы қазір нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылып, қажетті көмегін алып жатыр. Пациентке жараны өңдеу хирургиялық операциясы жасалды. Керекті тексерудерден өтті. Жағдайы бірқалыпты.

Айгүл Ермахан, тілші:

Еске салайық, осыған дейін де Алматыдағы банктердің біріне шабуыл жасалғанын хабарланған болатынбыз. Белгісіз екеу «Центркредит» банкінде күзетшісінің қаруын алып кеткен еді. Олардың табылғаны туралы әзірге ақпар жоқ. Осы оқиғадан кейін қаладағы банктердің біразында қауіпсіздік шаралары күшейтілген.