Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қазақстан» шахтасындағы өрт: іздестіріліп жатқан 3 шахтердің қай жерде екені белгілі

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2023
  • 898

«Қазақстан» шахтасында қалып қойған 3 шахтердің шамамен қай жерде екені белгілі. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин айтты.

«Екі шахтердің мүрдесі бастапқы болған жерлерінен табылды. Белгілі бір уақытта олардың сыртқа шығуға талпынғаны байқалады. Қозғалыстары көрініп тұрды. Содан кейін олар көмек күтіп бір орында қалған. Неге олар шыға алмады? Өйткені олар құтқарушылар жетуі мүмкін емес аймақта болған», - деді ол Қарағанды өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте.

Оның атап өтуінше, шахтада температура жоғары болып, қатты түтіндеген.

«Өте қою түтін болды. Қозғалу мүмкін емес. Сол себепті кеше кешкісін ғана бірінші адамға, бүгін таңға жақын екінші адамға жете алды. Қазіргі уақытта қалған үш шахтердің жүйе ажыраған сәтте қай жерде болғанын білеміз. Оларға 3 топ жылжып барады», - деді Вадим Басин.

Еске салайық, өрт 17 тамыз күні сағат 10:05-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД «Қазақстан» шахтасында Д6 (горизонт – 170 м) көмір еңісінің қазбасында конвейер таспасы өртенді.

Өрт кезінде шахтада барлығы 227 адам болған. Бұған дейін 222 адамның жер бетіне шығарылғаны хабарланды. Екі адам қайтыс болды. Тағы 3 жұмысшы іздестіріліп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.