Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда тағы бір экс-полицей жазаға кесілді

  • AstanaTV
  • 31 қазан 2016
  • 2201

Қостанайда "Есірткі мафиясы" деген айдар тағылған атышулы іс бойынша сот отырысы өтті. Бұл жолы тағы бір тәртіп сақшысы ұзақ мерзімге сотталды. Қалалық ішкі істер бөлімінің бұрынғы қызметкері Қуаныш Жүнісов ендігі 15 жыл 6 айын абақтыда өткізеді. Заңғар Санай сот отырысына қатысты.

Заңғар Санай, тілші:

Есірткі сатушыларды қалқалап келген қалалық ішкі істер бөлімінің бұрынғы қызметкері Қуаныш Жүнісовкке қатысты сот отырысы осыдан үш ай бұрын басталған болатын. Экс-полицей Қылмыстық кодекстің 3 бабы бойынша айыпталған болатын.

Алтынай Сағындықова, Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Жүнісовтің сыбайластық қылмыстық әрекеті героин таратушыларды куәгер ретінде көрсеткендігінен байқалып отыр. Олардың барлығы сот залында сұралды. Сонымен қатар ол есірткі сатушыларға қалай өткізу жолдарын айтып, ақыл-кеңес берген.

Есірткі мафиясымен етене байланыста болған тәртіп сақшысы ұзақ мерзімге жазаға кесілгендердің қатарына ілікті. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкіміне сәйкес Қуаныш Жүнісов жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады.

Алтынай Сағындықова, Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

15 жыл 6 айға бас бостандығынан және 7 жылға дейін мемлекеттік қызметке орналасу, билік құрылымының өкілі болу құқығынан айыру. Дүние-мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалсын.

Заңғар Санай, тілші:

Сот залында қолына кісен салынған жиырма тоғыз жастағы Қуаныш Жүнісов тағылған айыптарды түгел мойындаған жоқ. Ал оның  тікелей бастығы болған Асылан Оразбаев осы іске қатысты кінәсін толық мойындап, сәуір айында сот үкімімен бес жылға бас бостандыған айрылған болатын. Еске сала кетейін, «Есірткі мафиясы» деп  аталған қылмыстық іске қатысы бар 16 адам осыдан екі жыл бұрын сотталған еді. Сол тұста ұйымдасқан топ жетекшілері және олармен сыбайласып, көлеңкелі бизнеске жол ашып берген ішкі істер департаментінің бұрынғы 10 қызметкері екі жылдан жиырма жылға дейін жазаға кесілді. Бұл жолы сотталған Қуаныш Жүнісов - он төртінші полицей.