Жаңа оқу жылы қарсаңында "AMANAT" партиясы тұрмысы төмен отбасыларға жылдағыдай көмек қолын созуда. Бұл жолы партиялықтар өз қаржысына сатып алған оқу құралдарын мектеп оқушыларына тарту етті.
"Баланы мектепке даярлайық!" акциясы аясында аз қамтылған, көпбалалы отбасылар және мүгедек балалар қамтылды. Әзірге қала бойынша 50-ге тарта отбасыны, ал Батыс Қазақстан облысы бойынша мыңдаған балаға көмек көрсету көзделіп отыр. Бүгінгі шарада аниматорлар бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, ата-аналарымен бірге ойын ойнатты, кейін тарту-таралғы жасады.
Гүлжиян ҒҰБАШЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Бір баланы оқуға дайындау қымбатқа шығады. Бір бала қазір 60-70, 80 мыңға шығады. Менде оқитын үшеу. Екеуі садикте. Осыған ризамын "AMANAT"-қа көп-көп рақмет! Осыны жасап, мектеп құралдарын беріп, балаларға көп көмегін беріп жатыр. Ризамын.
Жыл сайын партия филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарының қолдауымен мыңнан астам бала оқу құралдары, мектеп және спорттық формаларымен қамтамасыз етіледі. Былтыр осы акция аясында 1500 оқушыға көмек көрсетілген.
Қайрат ЖҰМАҚАЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ БҚОФ КОНСУЛЬТАНТЫ:
Жоспарымызда 1600-ге жуық баланы қамтамасыз ету, керек-жарақ, оқу құралдарымен жоспарлануда. Қазіргі таңда енді өңіріміздегі әрбір аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасының балалары, әрбір бала біздің қарауымызда, міндетте түрде көмек беруге даярмыз, біздің назарымызда.
Ақтөбелік депутаттар да 2 мыңнан астам оқушыны мектепке дайындауға қол ұшын бермек.
Гүлмереке ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
"Аманат" партиясына Ақтөбе облыстық маслихат депутаттарына рақмет. Бір балаға елу мыңнан екі балаға жүз мың теңгеге сетификат берді. Киіндіретін боламыз.
Гүлқасима СҮЙІНТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ:
Балалар біздің болашағымыз әлі де 30 қыркүйекке дейін көмек көрсететін боламыз. Оның ішінде "Аманат" партиясы. Балаларымыз біріншіден бақытты болсын. Оқуға барғаннан кейін жақсы тәрбие алсын. Жақсы баға алсын. Ата-аналарын қуантып жүрсін. Еліміздің қуантатын азаматтары болсын.
«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында жүзеге асып отырған бұл қайырымдылық акциясы қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Сол уақыт аралығында еліміз бойынша 45 мыңға жуық оқушы көмек алады деп күтілуде.