Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО-да Қожаберген жыраудың 360 жылдығы атап өтілді

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2023
  • 2694

Биыл «Елім-ай» дастанына 300 жыл толды. Көпке дейін халық әні саналып келген бұл туындының авторы Қожаберген Толыбайұлы екендігі дәлелденді. Солтүстік Қазақстан облысында қолбасшы, ақын, мемлекет қайраткері Қожаберген жыраудың 360 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар өтті.

Қожаберген жырау СҚО қазіргі Жамбыл ауданының Күлтөбе деген жерінде дүниеге келген. Тарихта бірнеше шығыс тілін жетік білген, шежіреші, білімдар, ақын-жырау, батыр қолбасшы ретінде белгілі. 1763 жылдың қазан айында жүз бірге қараған шағында қайтыс болған екен. 2018 жылы Петропавлда Қожаберген жырауға арналған 12 метрлік мүсін-ескерткіш қойылды. Бүгін сол алып ескерткішке гүл шоқтары қойылып, рухына тағызым етілді.

Кейін «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманының «Елім-ай» дастанына 300 жыл» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған СҚО әкімі Айдарбек Сапаров, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек, «Қаһарман» қорының төрағасы Сабыр Қасымов және еліміздің тарихшылары, жазушылары қатысты.

Республикалық конференцияны облыс әкімі Айдарбек Сапаров ашып, Қожаберген жыраудың ұлы мұрасының маңыздылығына тоқталды.

«Қожаберген бабамыздың артына қалдырған рухани мұрасы өте бай. Солардың ішінде «Елім-ай» дастанының орны бөлек. Атақты жырау бұл еңбегінде өзі өмір сүрген дәуірді, қазақ халқының қабырғасы қайысқан заманды суреттейді. Қожаберген жыраудың шығармашылығын зерттеу және болашақ ұрпаққа жеткізу ісі жалғасын табады. Бүгінгі конференция да атақты жырауды ұлықтауға, еңбектерін насихаттауға көп үлес қосары анық», - деді Айдарбек Сапаров.

Республикалық конференцияға қатысушылар Қожаберген Толыбайұлы туралы тың деректермен бөлсті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жыраудың өмірі мен шығармашылығы жүйелі зерттеліп, жазыла бастады. Бұл іске білікті тарихшылар, әдебиетші ғалымдар, жазушы, журналистер қауымы белсене араласып, кітаптар мен зерттеу мақалалар жарық көрді.

Сондай-ақ бұл күні конференцияға қатысушылар Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Дауылпаз баба — Қожаберген» дастанын тамашалады.

Бүгінде СҚО Жамбыл ауданының орталығы Пресновкадағы қазақ мектебінің алдындағы алаң Қожаберген атымен аталып, ескерткіш бюсті орнатылды, мектепке аты беріліп, мұражайы ашылды. Петропавлдағы №6 қазақ орта мектебі де ұлы жыраудың есімімен аталады.