Елорда тұрғындары түн ұйқысын төрт бөлуге мәжбүр. Мотоцикл жүргізушілері жиналып, көше кезеді. Бір-бірімен жарысады. Қозғалтқыштарынан шығатын қатты шу тұрғындардың мазасын алады. Жол-көлік оқиғаларына да себепкер болуда. Жыл басынан бері заңға бағынбаған 216 мотоцикл жүргізушісіне айыппұл салынған. Әріптесім Сүндет Оралбеков тәртіп сақшыларымен бірге түнгі рейдке шықты.
Елордалықтар түнде терезелерін ашудан қалды. Мотоциклдерден шығатын дауыс тұрғындардың тыныштығын бұзады. Рейд кезінде тәртіп сақшылары ережені бұзған қос жүргізушіні тоқтатты. Бірі заңсыз қондырғылар орнатса, екіншісінде жүргізуші куәлігіндегі санаты сәйкес келмеді.
Мотоцикл тізгіндеуге рұқсат алуға уақытым болмай жүр. Бәрін оқыдым, тіпті, тестте кездесетін сұрақтарында сатып алдым. Біздің мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында куәлік алу қиын. Аптаның жұма күні ғана тест тапсыра аласың. Бірақ адам көп. Таңертең барып кезекке тұрсаң, кешке дейін кезегің келмеуі мүмкін.
Полицейлер менде заңсыз қондырғылар орнатылған дейді. Бірақ түсінсем бұйырмасын. Мен осылай сатып алдым.
Тұрғындардың тыныштығын алып тұрған дәл осы дауыс. Түңгі мезгілде тіпті қатты шығады.
Арыстан СМАИЛБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Бұл көлік құралына заңсыз қосымша қондырғылар орнатылған. Осындай мотоциклдарға тұрғындар тарапынан көптеген шағымдар түседі. Түнгі тыныштықты бұзады. Онымен қоса апатты жағдайларға себепкер болады.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерге 17 мың теңге көлемінде айыппұл салып, екі мотоциклды да айып тұрағына жөнелтті. Арада сүт пісірім уақыт өтпестен полицейлердің байланыс құралына өрескел заң бұзған азаматтың ұсталғаны жайлы ақпарат келді. Дереу айтылған мекен-жайға бардық. Сөйтсек қос дөңгелекті тұлпар тізгіндеген азаматтың жүргізуші куәлігі жоқ. Тіпті, мотоциклды мемлекеттік номерсіз басқарған.
Номер тағатын жер сынып қалды. Көлік жүргізу куәлігім жоқ. Мотоцикл аулада тұр еді. Бір жерге барып келейін деп едім. Ұсталып қалдым.
Жыл басынан бері 216 мотоцикл жүргізушісі жауапкершілікке тартылған. Олар түнде тұрғындардың тыныштығын бұзып, заңды белшесінен басқандар.
Арман АЙТМАҒАНБЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Мотоцткл тізгіндейтіндердің көбісінде "А" категориясы болмайды. Тіпті жүргізу куәлігінсіз басқаратындар бар. Көлік қозғалысына кедергі келтіріп, апатты жағдай туындатады. Одан қалса түнгі 23:00-ден кейін қатты дауыстар шығарып, халықтың тыныштығын бұзады.
Мопед жүргізушілері де ережеге бағынбайды. Көлікпен жүрсең қос дөңгелекті тұлпарлар қасыңнан зуылдап өте шығады. Қайдан келгенін байқамайсың. Соңғы 6 айда мопедтердің қатысуымен 174 жол көлік оқиғасы орын алған. 8 адам көз жұмып, 180-ге жуық жан жарақаттанған. Заңды елемеген 58 жүргізушіге 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Ақтоты БОРАНОВА, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Тыныштықты бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылықтың 437 бабымен жауапкершілікке тартылады. Мопедтердің қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларын алдын-алу, олармен жұмыс жүргізу біздің қызметкерлердің тарапынан күнделікті жолда, қызмет атқару барысында жүргізіледі.
Егер байкерлер тыныштықты бұзған жағдайда 102 нөмеріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарлассаңыз болады.