Русский Сайттың толық нұсқасы

"AMANAT" фракциясының мүшелері "Қазақстан" шахтасындағы апаттан қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен кездесті

"AMANAT" фракциясының мүшелері "Қазақстан" шахтасындағы апаттан қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен кездесіп, көңіл айтты. Қайғылы оқиғаны ерекше бақылауға алған депутаттар компания басшылығының Қазақстанда әрі қарай жұмыс істеуіне жол бермеу керек дейді. Ал жақынынан қапыда айрылып қалған жанұяларға тиісті көмектер көрсетіледі.

 «Қазақстан» шахтасындағы апат қара халықтың қабырғасын қайыстырды. Конвейерлік таспадан шыққан өрттен 227 адамның 222-сі сыртқа шығарылғанымен, бесеуі аман қалмады.

Бұндай оқиға бұған дейін де болған. Ол кезде барлығы үлгеріп шығып жүретін. Осы жолы барлығы шыққан, бірақ балам соңында қалып қойған болу керек. Оны таппай қалған. Әдетте, барлығы бір-бірінің қолынан ұстап шығатын.

Соңғы бір жылда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының шахталарында бес апат болды. 13 адамның өмірін жалмады. Қаза болғандардың отбасыларымен кездескен "AMANAT" фракциясының мүшелері, жабдықтардың ескіруі, сондай-ақ өндірісте еңбек күшінің жетіспеушілігі осындай қайғылы оқиғаға әкелді дейді. Олар «Арселор Миттал Теміртау» басшылығын жауапқа тартуды талап етуде.

Арман ҚАЛЫҚОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мемлекет тарапынан бақылауды күшейту керек. Қаншама жыл істеген осы жерде. Ешқандай дамыту жоқ, ешқандай модернизация жоқ. Әрине, уақыты келді ғой сұрайтын. Уақыты келді.

Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Әлі де шешілмей жатқан мәселе бар. Әлі де өрттің алдын алған жоқ. Сондықтан біз комиссия құрамына кіреміз. Бақылауға аламыз. Және де азаматтық қоғамға ақпарат беріп отырамыз. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір қазір. Мына емделіп жатқан кеншілерді тезірек айығып, шипасын берсін деп тілейік. Мына қаза болғандарды шығарып салып, фәниден бақиға, отбасыларына көмектесейік.

Қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтқан депутаттар компания басшылығының Қазақстанда әрі қарай жұмыс істеуіне жол бермеу керек дейді. Ал партия зардап шеккендердің отбастарына жан-жақты көмек көрсетпек.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жақындарынан айырылған кеншілердің отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Қаза тапқан, үлкен апаттан зардап шеккен жанұяларға Үкімет тарапынан болсын үлкен көмектер көрсетіледі. Ал партия біз қашанда осы халықпен біргеміз. Және өз тарапымыздан болатын қандай да бір көмектерді көрсетуге біз қашанда дайын екендігімізді айтқымыз келеді.

Биыл компанияда 2 мыңнан астам бұзушылық тіркелген. Қазір халықаралық компаниялармен бірге тағы тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесі қыркүйек айында жарияланады, тиісті шешімдер сол кезде қабылданады.