Русский Сайттың толық нұсқасы

Жылу орталықтары қысқа дайын ба?

Өңірлер жылу беру маусымына сақадай сай деп айту қиын. Кей облыстарда қазандықты дайындау, жылыту электр орталықтарына жөндеу жүргізу, электр желілерін қамдау жұмыстары кенжелеп тұр. Қыстың қамын жазда ойламағандарға Үкімет қандай шара қолданбақ? Әріптесім жалғастырады.

Үкімет басшысының алдында есеп беруден жалтарды ма, осы жолы Энергетика министрі өзі келмей, орынбасарын жіберіпті. Оған жоспардың орындалмауы, жөндеу жұмыстарының аяқталмауы себеп болса керек. Бұған дейін бекітілген кестеге сәйкес 10 энергоблок жаңартылып, 49 қазандық пен 54 турбина күрделі жөнделуі керек еді. Алайда, жұмыстың жартысы да бітпеген әлі.

Жандос НҰРМАҒАНБЕТОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

"СевКазЭнерго" мекемесінің мерзімі кешіктіріліп жатыр. Және Қостанай облысында "МежРегионЭнергоТранзит" және "ЭПК-forfait" деген екі мекеме қазір кешігіп келе жатыр. Оны қадағалауға алып кеше проблемаларын іздеп жатсақ персоналдың жетіспеушілігі, айлық төмен болғандықтан. Және де объективті түрде мына Қостанайда үлкен подстанция соғылып жатыр. Сол жерде режимге байланысты кішкене уақытын өзгертіп отырмыз. Оны қадағалайтын боламыз өзіміз.

Әсіресе, қысы қатты деген солтүстік өңірлерде энергия желілерін жөндеу жұмыстары өте баяу жүруде. Құрылысы осыдан 6 жыл бұрын басталған, құны 12 миллиардтық Ақсудағы су жаңа қазандық биыл да іске қосылмайтын болды. Жобада жіберілген қателіктен қажетті құрал жабдықтар жетпей қалған. Құзырлы органдар бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау бойынша іс қозғады.

Асайын БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жобалық сметалық құжаттамаға өзгерту енгізу және мемлекеттік сараптамадан қайтадан өту. Сол рәсімдер басталды. Осыны аяқтағаннан кейін біз қазандықты іске қосып, оның өзінің қуаттылығын тексеріп, қабылдауға тиіс боламыз.

Теміртау, Риддер, Екібастұз, Жезқазған мен Маңғыстау облысы қытымыр қыста тағы дірдектеуі мүмкін. Үкімет проблеманы шешу үшін Қазақмыс, Орталық Азия отын-энергетикалық және "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының басшыларымен кездесу өткізбекші.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Өңір әкімдіктері белгіленген мерзімде барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының аяқталуын және қажетті көлемде отынның алдын-ала жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет. Ішкі көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін өңір әкімдіктері тиісті тәртіппен 2 апта мерзімде көмірді дайындау және өткізу пунктерінің жағдайына, оның сапасына, жеткізу кестелеріне, бағалардың негізділігіне тексеру жүргізуі қажет.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Жаңартылмаған нысандар жылыта ма, жаурата ма? Жылу желісінің жай-күйі, шығын деңгейі, тұтынатын энергиясының саны мен сапасы туралы шынайы, объективті деректер қажет. Олай болмаса станциялардағы авариялар саны биыл былтырғыдан да көп болуы мүмкін. Қоластындағылардан шынайы баяндама талап еткен Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне бақылауды күшейтуді, ал Индустрия министрлігіне отын жеткізу үшін вагондардың қажетті санын қамтамасыз етуді тапсырды.