Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан үкіметі «Эйр Астана» компаниясындағы тариф мәселесін алдағы күндері шешпек

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2016
  • 2518

«Эйр Астана» дауы Үкіметке жетті. Премьер-министр әуе компаниясындағы баға саясатын реттеуге мықтап кірісуді тапсырды. Бақытжан Сағынтаев тариф мәселесінде монополияға қарсы қызметтің тексеру қортындыларын тыңдамақ болды. Алайда Ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаев мәселенің тығырыққа тірелгенін айтты. Министрдің дерегінше, «Эйр Астана» компаниясы мемлекеттік орган қызметкерлеріне қажетті ақпаратты бермей отыр. Яғни аталған ведмоствоның арнайы комитеті ішкі рейстерге сатылатын билеттің бастапқы құны туралы мәліметтерге қол жеткізе алмапты. Енді бұл іске министрдің өзі араласпақ.

Қуандық Бішімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Қазіргі жағдай туралы айтсам: кейбір бағыттарға шынымен бағаның көтерілгені байқалады. Олар Астана-Орал, Астана-Алматы сияқты ішкі рейстер. Біздің табиғи монополия жөніндегі комитет билеттің өзіндік құнын білу үшін компанияға сұрау жолдаған. Алайда «Эйр Астана» бұған жауап берер емес. Енді мен «Самұрық - Қазынаның» директорлар кеңесінің мүшесі ретінде кәсіпорыннан талап ететін боламын. Сосын барып қандай да бір шешімге келеміз деп ойлаймын.

Үкімет жетекшісі министрге бұл мәселені жуық арада заң шеңберінде шешуге тапсырма берді. Ал «Эйр Астана» өкілдері бүгін журналистерді әуе кәсіпорнының жетістіктерімен бөлісуге шақырды. Бірақ ол жерде Үкімет отырысында көтерілген мәселеге қатысты қандай да бір сұқбат беруден бас тартты.