Түркістан облысында Сырдария өзеніне демалуға барған бір әулеттің 11 адамы суға кетіп ажал құшты. Куәгерлер жанұя мүшелері өзен суына тұншығып қалғандарын айтады. Ал суға бірінші болып кішкентай бала түскен екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бір күн бұрын ғана отбасылық мереке өткізген әулет өзен маңына демалу үшін келген екен. Куәгерлердің сөзінше, бастапқыда балалардың күлкісі шыққан аумақтан көмекке шақырған дауыс естілген.
“Біз арғы бетте жүргенбіз. Осы жерде балалар ойнап жатыр екен. “Құтқарыңдар” деген дауыс естілді. Содан біз айналып келгенше барлығы жүгіріп жүр екен. Көмектесіп, 6 адамды шығардық. Қандай күйде екенін білмейміз, жүгіріп әкеп-әкеп қойдық. Қарайтындай шама болмады”, – дедң куәгер Әділхан Аманов.
Орны толмас қайғыдан кейін қаралы отбасы есеңгіреп қалған. Немерелерінен айрылған ата-әжеге жарты сағат сайын жедел жәрдем көмегі келіп жатқан. Төтенше жағдай қызметкерлері мен ауыл тұрғындары ағайындылар бір-бірін құтқарамын деп суға секірген дейді.
“Бірінші кішкентай бала түсті деді сол үйдің. Соны құтқарамын деп анасы кеткен. Анасын құтқарамын деп қыздары секіре берген дейді. Бір үйден анасын қосқанда бесеу кетті. Бір үйден үшеу кетті, бәрі бір атаның балалары. Бір атадан 4 бала болса, 4 баланың ұл-қыздары көз жұмды”, – деді Көксарай ауылының тұрғыны Мұсабек Сарымбет.
Суға кеткен 11 адамның ең үлкені – 40 жастағы келіншек. Ол бірнеше күн бұрын ғана үлкен қызын оқуға шығарып салған екен. Өкінішке қарай Сырдарияда Баян Айтбаймен қоса үш қызы мен бір ұлы ажал құшты. Тағы бір отбасы төрт баласынан, екі жанұя бір-бір перзенттерінен айырылды.
“08:55 те бір денені батқан жерден төмен 50 метр шамасында су түбінен алып шықтық. Екінші денені 22:50-де 5 метр жерде талға қыстырылып қалған жерден алып шықтық”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Мұрат Қамбаров.
Суға кеткен 10 және 12 жастағы ұл мен қыз әлі табылмады. Ал Сырдариядан денесі шығарылған 9 марқұм 22 тамызда жер қойнына тапсырылды. Олардың ең кішкентайы – 4 жасар ұл бала.